ҚХР АҚШ-тан қытайлық студенттер мен ғалымдарға қысым жасауды тоқтатуды талап етті

Фото: Әділет Бірімқұлов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Сыртқы істер министрлігі дүйсенбі күні АҚШ-ты кінәсіздік презумпциясын сақтауға және саяси астармен әрекет етуді тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Синьхуа.

Бұл ретте АҚШ-та жүрген қытайлық студенттер мен ғалымдарға қатысты саяси себептермен және кемсітушілік сипатта заң қолдану әрекеттерін тоқтатуға үндеді.

Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь бұл мәлімдемені министрліктің кезекті баспасөз мәслихатында журналистердің тағы бір қытайлық ғалымның АҚШ құқық қорғау органдары тарапынан еш негізсіз тұтқындалуына қатысты пікір сұрауына жауап ретінде жасады.

Оның айтуынша, белгілі бір уақыттан бері АҚШ ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасын кеңейтіп, елде жүрген көптеген қытайлық студент пен зерттеушілерді қудалауға, тергеуге, тіпті ешқандай негізсіз тұтқындап, айып тағуға жиі жол берген.

— Бұл жағдайлар қытайлық студенттер мен ғалымдардың заңды құқықтары мен мүдделерін елеулі түрде бұзды. Сондай-ақ Қытай мен АҚШ арасындағы гуманитарлық байланыстарға, әсіресе білім беру саласындағы ынтымақтастыққа айтарлықтай кедергі келтірді. Ақыр соңында АҚШ-тың имиджі мен халықаралық беделіне нұқсан келтірді, — деді Го Цзякунь.

Дипломат АҚШ-тан «кінәсіздік презумпциясына» негізделген әділеттілік қағидаттарына оралуын, сондай-ақ саяси астармен әрекет етуді тоқтатуды талап етті. Сонымен бірге америкалық басшылардың қытайлық студенттерді оқуға шынайы шақырамыз деген мәлімдемелерін нақты іске асыруға шақырды.

— Қытай шетелде жүрген студенттері мен ғалымдарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды жалғастырады. Сонымен қатар АҚШ-та оқып жүрген студенттерге мүмкін болатын қауіп-қатерлерге сақ болуды ескертеді, — деп түйіндеді ол.

Бұған дейін АҚШ-тағы төрт қытайлық студент Дональд Трамп әкімшілігін сотқа берді. Олар АҚШ үкіметінің шетелдік студенттерге қатысты визаны жаппай жою әрекетін заңсыз деп танып, оны тоқтатуды және студенттік мәртебені қалпына келтіруді талап етіп отыр.

Осыдан бұрын Рубио АҚШ қытайлық студенттердің визасын қайтарып алатынын айтты.