ҚХР-да лаңкестік жасағандары үшін 12 адам өлім жазасына кесілді

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінің Қашғар округының соты осы жылы шілде айында Шачэ уезінде лаңкестік акцияларын ұйымдастырды деп айыпталған 58 адамның ісін қарады.

Сот шешіміне сәйкес, 12 адам өлім жазасына кесілді, 15-і екі жылға шегерілген өлім жазасына, 9-ы өмір бойы бас бостандығынан айырылса, 20-сы 4-тен 20 жылға дейін, екеуі шартты түрде сотталды.

Еске сала кетейік, ШҰАӨ-нің Шачэ уезінде пышақпен қаруланған лаңкестер тобы жергілікті әкімшілік, полиция учаскесі мен бейбіт тұрғындарға шабуыл жасады. Салдарынан 37 адам қаза болып, 13-і жарақаттанды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері олардың 59-ның көзін жойып, 215 адам қамауға алынды.