ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері: Қытай Ляньюньган қаласында ШЫҰ логистикалық паркін құруға әзір

ЧЖЭНЧЖОУ. ҚазАқпарат - Қытай мүдделі тараптармен бірлесіп «Қытай-Еуропа» контейнерлік пойызын пайдалану тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Ляньюньган қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қатысуымен халықаралық логистикалық парк құруға әзір. Бұл туралы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары кеңесінің 14-ші отырысы барысында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцян мәлімдеді.

«ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Еуразиялық құрлықтық көпірде, басқаша айтқанда, Азия мен Еуропаны біріктіретін негізгі құрлық жолында орналасқан. Сондықтан олардың бірыңғай көліктік-коммуникациялық желі құру бойынша әлеуеті зор. «Егер жол ашық болса, онда байлыққа есік те солай ашық болады». Өңірлік көлік-коммуникациялық желі құру - ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерді экономикалық дамытуды жеделдетуді қолдау», - деді ол.

Ли Кэцян ұйым аясында халықаралық автомобиль тасымалы үшін қолайлы жағдай құру туралы келісімге қол қойылғанын еске салды.

Еске сала кетейік, ШЫҰ ҮБК-де қазақстандық делегацияны ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов басқарып барды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер (Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан) өкілдерімен қатар үкімет басшылары саммитіне бақылаушы елдер: Ауғанстан, Беларусь (алғаш рет), Үндістан, Иран, Моңғолия, Пәкістан делегациясы шақыртылды.