ҚХР сарапшылары: Қазақстанның ислам әлеміндегі ықпалы жоғарылады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытай сарапшылары Сириядағы жағдайды реттеуде Астана процесін жоғары бағалап отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы тілшісі.

«Астанадағы келіссөздер өте сәтті ұйымдастырылды. Ең бастысы, осы жолы келіссөздер үстеліне Сириядағы түрлі  саяси күштердің өкілдері  жиналды. Бұған дейін олар осындай бейбіт кеңестерде кездеспеген болатын. Бұл өз кезегінде Сириядағы ахуалды реттеуге оңтайлы ықпал ететіні сөзсіз»,-деді Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының профессоры  Чжао Хуэйжун.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан кезекті рет өзінің әлемдік істердегі белсенді рөлін көрсетті. Сонымен қатар бұл бағытта Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімге келтірудегі тәжірибесі мен жалпы хлықаралық шиеленістерді шешудегі қазақстандық дипломатияның қажеттілігі айқын байқалды.

Қытай Орталық ұлттары университеті жанындағы Этнологиялық зерттеулер институтының профессоры, философия  докторы У Чукэ «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Астанада Сирия мәселесі бойынша өткен келіссөздер Қазақстанның халықаралық сахнадағы беделін көтере түскенін атап өтті.

«Бірінші кезекте Қазақстанның ислам әлеміндегі ықпалы жоғарылады. Қазақстанның шекарасымен шектес және серіктес елдер үшін бұл бағыттағы бастамалар үлкен маңызға ие. Осы ретте елдеріңізбен серіктестікті нығайтуда  қызығушылық арта түседі»,-деді ол.