«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласы маған қатты әсер етті. Н.Назарбаев онда қазақстандық арманды нақты атап, осы ғасырдың ортасында дамыған 30 елдің қатарына ену туралы негізгі мақсатына жетудің жоспарын белгілеп берді. Қазақстан ол мақсатқа қол жеткізе алады деп үміттенемін», - дейді ол.
Ғалым қазақстандық арман «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» стратегияларының негізінде, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Жоспары және өзге де бағдарламалар негізінде қалыптасып келе жатқанын айтты.
«Президент Н.Назарбаев, реформаларды жүзеге асыру үшін ең бастысы елде ұлтаралық келісімнің болуы шарт екенін атап өткен болатын. Шын мәнінде, 25 жыл ішінде Қазақстанда бейбітшілік пен тыныштық дәурен құрды, осы аралықта мемлекет ішкі саясатта және әлеуметтік-экономикалық дамуда үлкен серпіліс жасады. Шешуші рөлді Қазақстан Халқы Ассамблеясы атқарып келді. Бұл - жеке зерттеуді талап ететін жеке тақырып», - деп атап өтті Сунь Ли.
Қытай сарапшысы Қазақстанда 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, мемлекеттің, экономиканың және қоғамның дамуы үшін мүлдем жаңа құқықтық орта құрып беретін 59 заңның күшіне енгенін айтып, өз таңданысын білдірді.
«Республика қазақстандық арманға бастайтын заңнамалық негізді жасап берді. Бұл арман қиялдағы дерексіз ұғым емес, кезең-кезең міндеттер белгіленген нақты мақсат екендігін көріп отырмын. Оны жүзеге асыру қазірдің өзінде анық және қатаң жоспарлау негізінде басталып кетті», - дейді ол.
Сунь Лидің пікірінше, қазақ арманы мен қытай арманының арасында жалпы көп ұқсастықтар бар.
«Біріншіден, оларды жоспарлау мерзімдері бірдей, Қытай 2049 жылға дейін деп межелесе, Қазақстан 2050 жылға дейін жоспар жасап қойған. Екіншіден, олар адамның өмір сапасын арттыруға, мемлекеттік аппаратты жақсартуға, жемқорлықпен күрес, бизнесті ынталандыру, дамыған елдердің қатарына ену міндеттерін іске асыруды жоспарлауда», - деп нақтылады ол.
Еске сала кетейік, Қытайдың қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты 1965 жылы Кеңес Одағы және Шығыс Еуропа институты ретінде Қытайдың қоғамдық ғылымдар академиясының бір құрылымы ретінде құрылған болатын. Кейін Қытай компартиясы Орталық комитетінің халықаралық байланыстар бөлімінің қарамағында болды. 1981 жылдан бері Қытайдың қоғамдық ғылымдар академиясының құрылымына енеді. Өзінің қазіргі атауын 1992 жылы алды. Зерттеу саласы: Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің сыртқы және ішкі саясаты, экономикасы, әлеуметтік өмірі мен мәдениеті. Осы саладағы ҚХР-дің жетекші ғылыми мекемесі Қытайда ең ірі кітапханалардың біріне иелік етеді, «Russian, East European and Central Asian Studies» журналын шығарады.