ҚХР шерушілердің АҚШ елшісінің көлігіне шабуыл жасау оқиғасын тексеруде

БЕЙЖІҢ. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бейжіңде 18 қыркүйек күні Қытайдағы Жапония елшілігінің жанында наразылық акциясына қатысушылар ҚХР-дағы АҚШ елшісі Гэри Локканың көлігін қоршап алып, оған зақым келтірді.

Шетелдік БАҚ-тардың хабарлауынша, көліктің ішінде болған американдық елші зардап шеккен жоқ. АҚШ елшілігі жапондық дипмиссияның жанында орналасқан, оның маңында өткен бейсенбіден бастап жапондықтарға қарсы наразылық акциялар өтуде. 

Сәрсенбі, 19 қыркүйек күні ҚХР СІМ-нің ресми өкілі Хун Лэй осы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол қытай үкіметі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын қашан да қатаң сақтайтындығын және ҚХР-да орналасқан шетелдік ұйымдар мен олардың қызметкерлерінің қауіпсіздігіне кепілдік беретіндігін атап өтті.

«Оқиғаға қатысты тиісті органдар тексеру жүргізіп, қажетті шараларды қолға алуда», - деп атап өтті қытайлық дипломат.

Естеріңізге сала кетейік, Қытайда жапондықтарға қатысты наразылық акциялары жапондық үкімет 11 қыркүйекте жеке кәсіпкерден - жапондық отбасыдан 26,28 млн. долларға Дяойюдао архипелагынан 5 аралдың 3-уін сатып алғаннан кейін басталды. Қытайдың билік өкілдері Жапониядан даулы аралдар бойынша өз шешімдерінің күшін жоюды талап етті.