ҚХР Ухань қаласында студенттер ғана емес, сонымен бірге әскери парашютшілер де дауыс берді (ФОТО, ВИДЕО)

БЕЙЖІҢ-УХАНЬ. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің сайлауында ҚХР Хубэй провинциясы Ухань қаласында студенттер ғана емес, сонымен бірге үш қазақстандық әскери парашютші дауыс берді.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы Ухань мемлекеттік университетінің студенті Жандос Жағыпаров мәлім етті.

«ҚХАА (Қытайдың халық азаттық армиясы) ӘӘК парашютшілерді дайындау орталығының оқушылары Ухань қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан Сяогань қаласында жартыжылдық оқудан өтіп жатыр. Бүгін арнайы дауыс беру үшін келді», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Уханьда дауыс бергендердің арасында 18-ге толып алғаш рет дауыс беріп жатқандардың қатары қалың. «Уханьдағы қазақстандық студенттердің атынан Қытайдағы ҚР Елшілігіне елдің ары қарай дамуы үшін үлесімізді қосуға мүмкіндік бергендеріне алғыс айтқымыз келеді. Біз қуатты Қазақстан үшін!», - деп атап өтті Ж. Жағыпаров.

Ол ҚазАқпаратқа бірқатар қазақстандық студенттің үндеуі жазылған видеоны жолдады.

Алғашқылардың бірі болып Ухань қаласында студенттер Әлішер Ахметов, Қызырбай Марқатай мен Арман Бахтияров дауыс берді.

Еске сала кетейік, Уханьда бүгін №207 (ҚХР-дағы ҚР Елшілігі) жылжымалы сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.