ҚХР: Жапония іс-қимылдары өңірдегі тұрақтылыққа қауіп тудыруда

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қытай Жапонияны ұлттық қауіпсіздік туралы алаңдаушылығын жамыла отырып өңірдегі әскери әлеуетін кеңейтіп жатыр деп айыптады.

ҚХР Қорғаныс министрінің сөзіне қарағанда, Токионың әскери шығыстарды арттыру бағытындағы жоспары екі елдің арасындағы шиеленістің артуына себеп болуда.

Осы аптада Жапонияда алдағы бес жылда қарулануға 230 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалатыны жарияланды.

Бұл тұрғыда ұшқышсыз ұшатын аппараттарды, әскери ұшақтарды, 52 десанттық кеме мен 17 көліктік ұшақтарды және басқа да әскери техниканы сатып алу көзделген.

Әлем проблемаларын зерттеу бойынша Стокгольм институтының мәліметінше, Жапония дүниежүзінде әскери шығыстарының көлемі тұрғысында бесінші орында екен, ал Қытай АҚШ-тан кейін екінші орында тұғырланыпты.

Елдер арасында Шығыс Қытай теңізіндегі Сенкаку/Дяоюйтай аралдары бойынша аумақтық дау-дамай жалғасуда.