«Кибер шериф» бір мезетте бірнеше базамен дерек алмасуға мүмкіндік береді - Маңғыстау полициясы

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысында «Кибер шериф» кешенді жүйесі іске қосылды. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа құрылғының мүмкіндігі жоғары: үш қатар жолаққа бақылау жасап, автокөліктерді 150 метр қашықтықтан дерлік тіркей алады. Қазіргі уақытта бұл құрылғылар іске қосылды. Құрылғы жол жүру ережелерін бұзатын жүргізушілерді мемлекеттік тіркеу белгілерін тани отырып, инспекторды одан әрі хабардар етеді. Сондай-ақ, іздестіру базалары бойынша объектілерді автоматты түрде тексереді, оларды тіркейді және бейнеге жазады», - делінген баспасөз мәліметінде.

Адам факторын алып тастау – құрылғының тиімділігі болып отыр. Толық автоматтандыру барлық деректерді серверге жылдам сақтауға, өңдеуге және жіберуге, бірнеше іздеу базаларымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

«Кибер шериф» арқылы іздеуде жүрген көлік құралын лезде анықтауға болады, ал бүйірлік камералары жаяу жүргіншілерді сот пен тергеу органдарынан жасырынып жүрген адамдар базасымен автоматты түрде салыстыра отырып, оларды бірден таниды.

«Соңғы кездегі жол-көлік оқиғаларының себебі – жылдамдықты арттыру. Сондықтан, құрылғы жүргізушілердің жауапкершілік деңгейлерін жоғарылату үшін қолданылады», - деп қосады департаменттен.