«2022 жылғы 7 қазанда «Қазпошта» АҚ сервистерінің қолжетімді болмай қалғаны анықталды. Техникалық проблемалар сырттағы провайдер - Павлодар қаласындағы «Қазклауд» ЖШС деректерді өңдеу орталығында байқалды. Талдау жүргізу кезінде «Қазклауд» ЖШС-не проблемаларды жоюға өтінім жіберілді», - деп жауап берді «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі агенттік сауалына.
Баспасөз қызметінің айтуынша, «Қазклауд» ЖШС виртуалды машиналарының деректерді сақтау жүйесінде туындаған қателер «Қазпошта» АҚ барлық сервистерін қолжетімсіз еткен.
«Таңнан бері қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді - қызметтер іске қосылып, жүйелердің жұмысы тексерілді. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, жүйелер қалыпты режимде жұмыс істеп тұр», - дейді Қазпошта.
Осыған дейін Қазнетке бірнеше күн бойы толассыз кибершабуыл жасалып жатқаны туралы хабарланды.