Киберполиция Екібастұзда зейнеткердің 3 млн теңгесін сақтап қалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Полиция мен банк қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында зейнеткер алаяқтарға 3 млн теңгесін аударып жіберуден аман қалды.

Фото: ІІМ

Оқиға Екібастұз қаласында болған. Зейнеткер 3 млн теңгені Грузияда емделу ақысы ретінде аударып жатқанына сенімді болған.

Дейтұрғанмен «Халық банкі» қызметкерлері операциядан күмәнді белгілерді байқап, ақша аударымын дер кезінде бұғаттаған. Банк мамандары клиентке оның алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін екенін ескерткен.

– Оқиғаға Екібастұз қаласы полиция басқармасының киберполиция қызметкерлері де қосылды. Полицейлер жағдайдың мән-жайын анықтап, әйелге оның алаяқтық схемаға тартылғанын түсіндірді. Нәтижесінде банк пен полиция қызметкерлерінің бірлескен әрекеті арқылы ақша аударымы жүзеге аспады. Осылайша зейнеткер 3 млн теңге көлеміндегі жинағын сақтап қалды, – деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.

Алаяқтардың арбауынан құтылған зейнетке полиция қызметкерлері мен «Халық банкі» мамандарына алғысын жеткізді.

– Олар дер кезінде бір нәрсенің дұрыс еместігін байқап, жағдайды түсінуге көмектесті және ақшамды сақтап қалды, – дейді зейнеткер.

Полиция азаматтарды алаяқтардың түрлі айла-тәсілдеріне сақ болуға шақырады. Қаскөйлер көбіне емделу, туыстарының қауіпсіздігі немесе ақшаны шұғыл аудару қажеттілігі секілді сылтауларды пайдаланады.

Құқық қорғау органдары бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға кеңес береді.

Еске сала кетейік, Астанада жүргізуші куәлігін жасап беруді уәде еткен алаяқ 3 жыл 6 айға сотталды.