Kids go free – Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген отбасылық туризмге арналған бағдарлама. Қазақстандықтар туристік оператордан ел ішіндегі бағыттар бойынша туристік пакет сатып алғанда 2 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға тегін авиабилет ала алады. Бағдарлама аясында орта есеппен бір турда екі бала саяхаттайды.
Мәселен, маусым айында ең тиімді саяхат Астана – Шымкент – Астана бағыты бойынша тіркелген. Бірден 3 немесе одан да көп баласы бар 3 отбасы жоспарланған бюджеттің 40 пайызынан астамын үнемдеген.
«Бағдарлама бойынша саяхаттау оңай әрі қолжетімді. Ол үшін kids.gofree.kz сайтына кіру керек. Кеңес алыңыз және отбасыңызға сәйкес келетін тур пакетін таңдаңыз. Қажетті құжаттарды ұсынып, тур пакетін сатып алу үшін келісімшарт жасаңыз және балаларыңыз үшін тегін әуе билетін алыңыз», - дейді МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.