Мәлімдемесінде ол еліміздегі мәдениет нысандары және тарихи-мәдени мұра объектілерінде экскурсиялар өткізу кезінде туристік гидтерді кәсіби даярлау және сертификаттау жүйесін жетілдіру мәселесін көтерді.
— Қазақстан тарихи-мәдени мұраны сақтау, туризмді дамыту және ұлттық құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеу бағытында маңызды қадамдар жасап жатыр. Алайда туристік ағынның өсуі туристерге, оның ішінде шетелдік азаматтарға ұсынылатын ақпарат сапасы мен шынайылығын өзекті етіп отыр. Әсіресе, тарихи ескерткіштерге, кесенелерге, жерасты мешіттеріне, некропольдерге, тарихи тұлғаларға қатысты орындарға және өзге де рухани-киелі объектілерге экскурсия жүргізу кезінде гидтің тиісті объект бойынша арнайы даярлығы аса маңызды, — деді депутат.
Оның сөзінше, бүгінде гидтердің нақты тарихи-мәдени немесе киелі орынға қатысты терең білімі жоқ. Соның салдарынан туристерге бір объект туралы әртүрлі, кейде ғылыми негізі жоқ, ойдан шығарылған деректер айтылып, ұлттық тарихымыз бен рухани құндылықтарымыздың беделіне нұқсан келетін жағдайлар орын алып келеді.
— Шетелдік қонақтар гидтің сөзін еліміздің тарихы мен мәдениеті туралы негізгі дереккөзі ретінде қабылдайтындықтан, бұл мәселе аса маңызы. Ұлттық тарих пен киелі мұра жеке көзқарастың, коммерциялық мүдденің немесе еркін интерпретацияның нысанына айналмауы тиіс. Қолданыстағы заңнамада гидтер қызметін реттеу және жауапкершілік көзделгенімен, мәдени мұралардың ерекшеліктерін ескеретін кәсіби мамандану мен сертификаттау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттілігі бар, — деді Марат Себасов.
Осыған байланысты депутат төмендегі шараларды қабылдауды ұсынды:
- Біріншіден, гидтердің жалпы кәсіби мәртебесімен қатар нақты объект немесе туристік бағыт бойынша құзыреттілігін растау тетігін енгізу (мысалы, Маңғыстау мен Түркістан облыстары бойынша сертификатталған гид). Осы ретте мамандардың біліміне қойылатын талаптарды күшейтіп, гидтерді аттестаттаудың бірыңғай операторы — «Kazakh Tourism» базасында жүзеге асыру тетігін қарастыру немесе өңірлік ерекшеліктер мен жергілікті тарихты терең меңгерген кадрларды даярлау үшін жергілікті жоғары оқу орындарының ғылыми-педагогикалық әлеуетін кеңінен тарту айрықша маңызға ие. Атап айтқанда, өңірдегі жетекші университеттердің базасында арнайы біліктілікті арттыру курстары мен сертификаттау орталықтарын ашу жергілікті жастарды жұмыспен қамтуға және сапалы мамандар шоғырын қалыптастыруға зор серпін береді;
- Екіншіден, туристік объектілер бойынша бірыңғай ақпараттық карталар әзірлеу. Онда ғылыми фактілер, зерттеу нәтижелері, тарихи нұсқалар, рухани дәстүрлер мен халық аңыздары арасындағы шекара нақты ажыратылып, туристерге ұсынылатын ақпараттың ғылыми негізділігі қамтамасыз етілуге тиіс;
- Үшіншіден, рухани-киелі туризм гидтеріне арналған арнайы даярлау бағдарламасын енгізу. Бағдарлама Қазақстан тарихын, руханият негіздерін, этнографияны, археологияны, мәдениеттануды, кәсіби этиканы және киелі орындардағы тәртіп қағидаларын қамтуы қажет.
Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, гидтер қызметіне қойылатын заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 187-бабындағы 15 АЕК айыппұл мөлшерін қайта қарау мәселесін қарастыру керек.
— Тарих — туристерге әсер қалдыру құралы емес, ол ұлттың жады. Киелі орындарымыздың тарихы мен рухани мәні кәсіби білімге, ғылыми негізге және ұлттық құндылықтарға деген құрметке сүйене отырып дәріптелуі тиіс. Аталған шаралар туристік қызмет сапасын арттыруға, тарихи деректердің нақтылығын сақтауға және Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған, — деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан туризміне миллиардтаған инвестиция құйылып жатқанын жазғанбыз.