***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Астық жинау аяқталып келеді» деген мақала жарияланды. Биыл ауа райының қолайсыздығы астық жинау науқанына біршама кедергі келтірді. Күздің бірінші айының ортасынан күні бүгінге дейін жауын-шашынның толассыз жауып тұруы салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа өнімін жинау қиынға соқты. Соған қарамастан егін жинау науқаны жалғасуда. Қазіргі ақпарат бойынша егін жинау көлемі 15 млн. гектардан 13 млн.-ға жақын жиналған, ол 87,5%-ды құрайды.
Бас басылымда «Мәртебе биігі» атты көлемді мақала берілген. Газет бұл мақалада әлемде исламдық қаржыландыруды дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталған. Исламдық қаржыландыруды дамытудың ресми бастауын алғашқы исламдық банк - Египетте құрылған Мит Гамр Банк деп есептеуге болады. Бұл 1963 жыл еді.
Ислам қаржысы бойынша танылған әлемдік орталықтардың бірі - Малайзия. Осы мемлекеттің қаржы жүйесінде дәстүрлі де және исламдық қаржы институттары сияқты құрылымдар да жұмыс істейді. Сонау 1963 жылы Малайзияда қайырымдылық қоры құрылса, ол Меккеге қажылыққа бару ниетіндегі мұсылмандар қаржысын өзіне тартуымен ерекшеленді. Соңында оның негізінде әлемдегі аса ірі исламдық инвестициялық қорлардың бірі - «Tabung Haji» пайда болды. Алайда, исламдық банк істерінің күрт дамуы 80-ші жылдары басталды. Сол тұста, яғни 1983 жылы «Islam Malaysia Berhad» банкінің негізі қаланған еді.
***
«Болат Сарыбаев туралы неге айтып отырмыз? Дәстүрлі аспаптарды жинаған асыл азаматтың жары бүгінде қарттар үйінде жатыр. Күйеуінің көзі кеткен соң, ұрпақтары кейуананы ардагерлер үйіне тапсырған. Ұлттың музыка аспаптарын көздің қарашығындай сақтап, мұражайға табыс еткен ардақты жанның аяулысының қарттар үйінде жалғыз қалғаны жанға батады»,- деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында. Басылым тілшісі осыдан бес-алты жыл бұрын Хиуаз Доспанованың үйіне жол түскенде де, осы бір көрініс алдынан шыққанын айтады. «Кейуана өз пәтерінде науқас шалымен ғана тұрады екен. Қабырғаның бәрі қоңырқай түске боялған. Көптен жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ас-суын көршілерінен айырып жүрген қос қарияның сол жолы тіске басар тамақ сұрағаны да жадымнан шыққан емес. «Халық қаһарманы» атағын иемденген жанның жападан-жалғыз қалуының сыры ұрпақтарының шетелге кетіп қалуында жатыр еді»,- деп жазады автор. Бұл мақала «Киелі қара шаңыраққа кім ие?!» деген тақырыппен берілген.
Осы газетті «30 тауар Ресей нарығына бет алады» атты мақала басылды. Үкімет отырысын ашқан Премьер К.Мәсімов Еуразиялық одақтың өмірге жолдама алуының қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өнеркәсіптік ықпалдастық және көші-қон заңнамасын жетілдіруге қатысты міндеттер қойғандығын еске салып өтті. Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев Қазақстан мен Кеден одағы елдері арасындағы тауар айналымының 2013 жыл қорытындысында 24,6 миллиард долларды құрағандығын жеткізді. Соның ішінде қазақстандық экспорттың жалпы көлемі шамамен 6 миллиард доллар болып отыр.
- Егер бұрын экспортта шикізаттық тауар басым болып келсе, соңғы жылдары бізде экспорт құрылымы өзгерді: өңделген тауарлар шикізаттан асып түсті. Кеден одағы елдеріне жеткізілетін дайын өнімдердің жалпы сомасы 1 миллиард доллардан аса соманы құрады, - деді Ә.Исекешев.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Концы в воду» деген мақала жарияланды. Ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асыуында Алматы облысында кемшіліктер бар көрінеді. Бұл өңірде бірнеше жыл бұрын тартылған су құбырлары техникалық себептермен жұмыс істемеуде немесе шенеуніктердің сылбырлығынан пайдалануға берілмеген. Алматы облысында «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 63 жобаға 14,1 млрд. теңге бөлінген екен. Бұл қаржыға 113 шақырым су құбыры желісі тартылып, 9 су қойма, 8 су іркуіш мұнара салынып, 14 ұңғыма бұрғыланған.