Киевте АҚШ елшілігі атташесінің денесі табылды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Украинадағы елшілігі бұған дейін Киев Хилтон қонақүйінде денесі табылған дипломаттың қайтыс болғанын ресми түрде растады, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
«Біз Киевтегі елшілікте миссия басшысының басшылығымен жұмыс істеген АҚШ үкіметі қызметкерінің қайтыс болғанын растаймыз», - делінген елшіліктің түсініктемесінде.
Өзге мәлімет құпиялылық мақсатында берілмейді.
25 маусымда Украинаның «Страна» басылымы құқық қорғау органдарындағы дереккөздеріне сілтеме жасап Киевтегі Hilton қонақүйінде жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00 шамасында Украинадағы Америка елшілігі атташесінің денесі табылғанын хабарлады. Бұл ретте дипломат денесінен зорлық-зомбылық белгілері байқалмады, деп түсіндірді басылым.
Оның мәліметінше, дипломат Украинаға 15 маусымда келген. АҚШ елшілігі берген медициналық жазбаларға сәйкес, ер адамның қанының құрамында холестерин көрсеткіші жоғары болған.