Киевтегі Еуро-2012 жеңімпаздарын сәуегей доңыз болжамақ

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Футболдан 2012 жылғы Еуропа чемпионатында матч нәтижелерін болжайтын доңыз Киевте өтетін «Еуро-2012» ойындарында жанкүйерлерге арналған құрметті орынға жайғасады.

Атап айтқанда, Киевте арнайы жасалған фан-аймақтағы құрметті орынға ерекше көріпкелдігі бар нағыз украиндық доңыз, футбол құпияларының білгіші мен сәуегейі орналасады. Ол болатын ойын нәтижелерін күнделікті болжап отырмақшы,деп хабарлайды Baq.kz порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, Еуро-2012 ойындары 8 маусым - 1 шілде аралығында Украина мен Польшада, финалдық матч Киевте өтеді. Фан-аймақ Украинаның нақ ортасында, Крещатик пен Тәуелсіздік Майданында орналасып, 7 маусым күні гала-концерт, шоу бағдарламасы және отшашумен басталады.

Бұған дейін Еуро-2008 ойындары кезінде Пауль есімді сегізаяқ танымал болған еді. Онда Пауль Германия құрамасы қатысқан матч қорытындысын болжап, немістердің алты матчтан төртеуін жеңетінін дәл тапқан. 2010 жылы өткен Әлем чемпионатында да өз қабілетін танытып, неміс командасы қатысқан ойын нәтижелерін дұрыс болжаған. Соның ішінде команданың испандық жартылай финалдағы жеңілісін де алдын ала білген. Алайда кейінірек атақты сегізаяқ көз жұмды.