Киік санын реттеуге қатысты тыңғылықты зерттеу қажет - Скляр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Браконьерлермен күрес барынша сапалы деңгейге көтерілуі тиіс. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басында Мемлекет басшысы өсімдік дүниесіне және экологиялық заң бұзушылықтарға жауапкершілікті күшейтуге қатысты маңызды заңдарды қабылдады. Заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді сапалы әрі уақытылы әзірлеуді қамтамасыз етуді өтінемін. Браконьерлермен күрес барынша сапалы деңгейге көтерілуі тиіс. Құқық қорғау органдарымен және өзге де табиғатты қорғау ведомстволарымен өзара іс-қимыл арқылы күзет іс-шараларының тиімділігін арттыру қажет», - деді Роман Скляр Экология және табиғи ресурстар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Бірінші вице-премьер киік басын реттеуге қатысты мәселеге де тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы киік популяциясын реттеуге, оның ішінде оларды аулау мүмкіндігіне қатысты жұмыстарды жүргізуді тапсырды. Бұл бағытта тыңғылықты ғылыми зерттеу қажет. Аталған іс-шараны осы жылы бастау керек», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.