***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, 2013 жылдың 7 қыркүйегінде Ақмола және Қарағанды облыстарының аумағында киіктердің (ақбөкендердің) бетпақдала популяциясының (алдын ала мәліметтер бойынша) 3000-ға жуық басының қырылуы тіркелді. Олардың 1500-ге жуығы Теңіз көлінің оңтүстік, батыс және солтүстік жағалауларында табылды. Қырылған киіктер жазық далада да кездескен. Жануарлардың қырылуы жөнінде барлық мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдарға жедел хабар берілді.
Қазір Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің бағынысты қызметтерінің мамандары Биоқауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты және Қарағанды облыстық ветеринария қызметімен бірлесе отырып, киіктердің қырылу аумақтарын тексеру, орын алған оқиғаның ауқымын және себептерін анықтау шараларын жүргізіп жатыр. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде шұғыл кеңес өткізілді. Киіктердің жаппай қырылу себептерін анықтау мақсатында Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Бағдат Азбаевтың басшылығындағы жұмыс тобы құрылды. Бұл мақала «Киіктер неге қырылды?» деген тақырыппен басылған.
***
«Астанада өткен «Қазақстан Барысы» турнирі барысында келеңсіз оқиғалардың орын алғаны белгілі. Соған байланысты айыптыларға қандай шара қолданылғаны жайында білу мақсатымен Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеевке хабарласқан едік»,-деп жазады «Айқын» басылымы «Айыптылар жазаланды» атты материалда. «Иә, Бейбіт Ыстыбаев пен Ержан Шынкеев арасындағы бәсеке барысында төрешілер тарапынан ағаттық кеткені рас. Оған барша халық куә. Сол үшін айыпты үш қазы (Бақыт Жаңбырбаев, Әбсаттар Садықов және Бауыржан Мәдимұхаметовтер - ред.) тиісті жазаларын алып, келесі жылы төрелік ету құқығынан айырылды. Сонымен қатар боз кілемдегі балуандардың да ерсі қылықтары назардан тыс қалған жоқ. Осы спорт түрінің ережесін өрескел бұзып, төрешілерге дөрекі сөйлегені үшін Шынкеевке екі жыл бойы қазақ күресінен өтетін жарыстарға қатысуына тыйым салдық. Ал үшінші орын үшін белдесуден бас тартқаны үшін Ыстыбаев бір жылға жазаланды. Ол келесі жылдың жазына дейін еш бәсекеге қатыса алмайды», - деп Төкеев мырза жоғарыдағы сауалға тұшымды жауап қайырды.
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Алмастыруға жүрек жоқ» деген мақала жарияланды. Қазақстан кардиохирургиясының даму үдерісі шетелдіктерді тәнті етіп жатыр. Онысы рас енді. Кардиохирургтеріміз ашық жүрекке ота жасауды былай қойып, жүрек алмастыруды да толық меңгерді. Жүрек алмастыратын кардиохирургтер де, заманауи құралдар да сақадай сай. Тек... донор болса. Иә, бүгіндері жүрегін алмастыру отасын күтумен күн өткізіп жатқан науқас көп, алайда жүрегін берер пенде жоқ. Әрине, ешқайсымызда екі жүрек болмайды, алайда көлік апатынан көз жұмған, ми қызметі тоқтап, бақилық болғандардың туыстары бауырының жүрегін басқаға беруге қарсы. Тәнін тілгілеткісі келмейді. Бүгінгі кардиохирургиядағы ең өзекті мәселе - осы. Бұл туралы Астанада өткен Кардиохирургтердің ІІ Ұлттық конгресінде сөз болды.
***
«Астана ақшамы» газетінде «Астанада бос жатқан жер жоқ» деген материал берілген. Жер қатынастары басқармасы хабарлағандай, елорда тұрғындары жекеменшік үй салуға жер телімдерін ала алмайды. Оған себеп, қалада инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізіп, қамтамасыз ететін арнайы дайындалған алаңдар жоқ. Тегін жер телімін алуға тілек білдірген 95 650 азаматтың 1830-ы - заң бойынша жеңілдікпен бірінші кезекте жер алуға құқығы барлар, яғни, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен олардың жесірлері, ауған соғысына, Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысушылар мен Семей ядролық полигоны сынағы аумағының тұрғындары. Алайда, құзырлы органның айтуынша, бүгінгі күні осы санаттағы адамдарға көмектесу мүмкін болмай отыр.