Киіктердің аталықтарын қыру салдарынан жануарлардың иммундық жүйесі әлсіреген - М.Елеусізов
16:51, 19 Қазан 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Киіктердің соңғы кезде індеттен жаппай қырылуына өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бері бұл жануарлардың иммундық жүйесінің әлсіреуі себеп болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР АШМ жанында Бетпақдала популяциясындағы киіктердің қырылуын анықтау бойынша жұмыс тобының отырысында «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов мәлім етті.
«1980 жылдардан бері киіктердің аталығын жаппай ату басталды. Осының барлығы сол кезде белгілі болды. Киіктердің мүйіздерін вагондап Қытайға тасыған кездер орын алды. Атап айтқанда, ең ірі және ең жақсы аталықтарын қырды. Осының салдарынан киіктердің иммундық жүйесі бұзылды деген ой туындайды», - деп тоқталды ол. Оның пайымынша, бұл жануарлардың иммундық жүйесінің әлсіреуінен олар кез келген вирустан, табиғаттың әсерінен жаппай қырылуы мүмкін. «Еліміздегі ғалымдар мен сарапшылар киіктердің қырылуына қатысты өзінше пайым жасап, ортақ нақты себептері мен салдарын жария ете алмай отыр», - деді М.Елеусізов.