Киіктердің қырылуы бойынша зерттеу қорытындысы маусымның аяғында жария етіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылу себептерін зерттеумен айналысып жүрген комиссияның қорытындысы 3 аптада дайын болады.

Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Бағдат Азбаев айтты.

«Біз үшін бұл үлкен қасірет. Киіктердің өлекселері табыла бастаған кезде-ақ министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оған ғылыми қызметкерлер, шетелдік сарапшылар, отандық мамандар кірген. Менің ойымша, бұл жұмыс тобы оқиғаның нақты себебін анықтауы тиіс», - деді Б.Азбаев.

Оның айтуынша, бүгінгі күнде киіктердің қырылуына не себеп болды деген көптеген болжамдар бар. Олардың негізгілері - экологияның бұзылуы және пастереллёз. Кейбір топ киіктердің жаппай қырылуын сол маңайдан малшылар тауып алған жұмбақ ғарыштық нысанмен байланыстырады.

«Дегенмен жұмыс тобы нақты бір шешімге келуі тиіс. Яғни барлық нұсқаларды жан-жақты зертеп, анық-қанығына көз жеткізуіміз қажет. Қорытынды шешім 3 аптаның көлемінде шығарылады». - деді ол.

Жаңа деректер бойынша, бүгінгі таңда қырылған киіктердің саны 127 мыңнан асты. Министр А. Мамытбековтің айтуынша, бұл сан жануарлардың өлекселерін тікұшақтармен және басқа да техникалармен іздеудің нәтижесінде көбейіп отыр.