ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының екі тұрғыны киік мүйіздерімен қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-дан мәлім еткеніндей, оқиға 25 желтоқсан күні Бөкей ордасы ауданы Саралжын ауылдық округінде болды.
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары мен құқық қорғау органдарының бірлескен рейдтік іс-шаралары нәтижесінде Жәнібек ауданы Жәнібек ауылының 1986 жылғы тұрғыны ұсталды. Одан 24 дана киік мүйізі табылып, тәркіленді. Сол күні аталмыш округ аумағынан 47 жастағы ер адам қолға түсті. Одан 34 дана киік мүйізі тәркіленді. Қазіргі кезде ҚР ҚК 339-бабы 1-1-бөлігіне сәйкес екі қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Киік мүйізін сақтағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өзенде қатып қалған 21 киіктің өлексесі табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).