«Былтыр киіктердің жаппай қырылуы - қорғау жұмыстарының нашар болғанынан емес, аурудың басталғанынан болды. Аурудың шығуына не себеп болғанын біздің отандық және шетелдік ғалымдар да нақты айта алмай отыр», - дейді Б.Дүйсекеев.
Яғни, әзірге, киіктер пастереллез ауруынан қырылды деген нұсқа сақталады.
Б.Дүйсекеевтің айтуынша, киіктердің неден қырылғанын анықтайтын - ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғалымдары.
«Білім және ғылым министрлігі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты «2012-2014 жылдарға арналған профилактикалық тәсілдерді әзірлеу және ҚР аумағында мекендейтін киіктер популяциясының жұқпалы ауруларының айналымын мониторингтеу бойынша ғылыми-техникалық бағдарламаны» жүзеге асырған. Бағдарламаның бюджеті 300 млн теңге деп отырсыздар (...). Бірақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағдарламаға тапсырыс берген жоқ. Яғни, бюджеті де Білім және ғылым министрлігінікі, сәйкесінше, бағдарламаға бөлінген бюджеттің нәтижесі туралы да Білім және ғылым министрлігі есеп береді. Олардың бізге айтқаны - осы бағдарлама аясында пастереллезге қарсы вакцина жасалған. Бірақ, вакцинаны далада пайдалану үшін біраз уақыт керек. Яғни, вакцинаны апробациядан өткізу үшін заң бойынша екі жыл уақыт керек», - деді Б.Дүйсекеев.