Киіз үй ішіндегі тұңғыш эксперименталдық музыкалық қойылым сәтті өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Astana musical» театрының репертуарына тағы бір керемет туынды қосылды. «Шаңырақ» эксперименталдық музыкалық қойылымының сәтті өткен алдын ала көрсетілімі талғампаз көрерменнің оң бағасын алып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шаңырақ» перформансының алдын ала көрсетілімі бүгін «Qazaqstan» орталық концерт залында арнайы қойылған үлкен киіз үйде өтті.

«Шаңырақ» - бұл жаңа бағыттағы эксперименталды музыкалық перформанс. Барлық көріністер қазақ халқы үшін бірліктің символы – киіз үйдің ішінде сахналанды. Әртістер мен көрермендер арасындағы қашықтықтың жоқтығы, уақыт пен кеңістік көкжиегінің тоғысуы киіз үйдегі ерекше атмосфераны толықтай сезінуге мүмкіндік берді. Қойылым идеясы мен сюжеті бүгінгі таңда көкейкесті екендігін атап өту керек. «Шаңырақ» перформансында Ұлы дала елінің мәңгілік құндылықтары тамаша көрініс тапқан. Олар – ұлттық музыкалық өнер, ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптар, уақыт сынынан өткен салт-дәстүрлер. Музыкалық спектакль адам өмірінің тал бесіктен жер бесікке дейінгі сәттерін қазақтың салт-дәстүрлерімен шебер байланыстырып көрсетілді. Кейіпкерлердің ішкі сезімдері музыкалық ария, дуэт, трио, хор арқылы ерекше жанрда жеткізілді. Сахналық қойылымның әр кезеңі халық әндерімен әрленіп, музыкалық аспаптармен сүйемелденіп, заманауи хореографиямен үйлесім тапты.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы ұлт руханиятының жаңғыруына зор үлес қосатын қойылым жөнінде өз пікірін білдірді.

«Қазақ халқы үшін шаңырақ қастерлі де қасиетті ұғым. Бүгін талантты жастар «Шаңырақ» туындысын сахналап, қазақ музыкалық өнерінің қарашаңырағы – Қазақконцерттің 60 жылдық мерейтойы мен Жастар жылы аясында керемет тарту жасады. Ұлттық құндылықтарымызды қадір тұтқан өнерпаз жастар көпшілікке рухани азық сыйлап, заман көшімен жалғасып бүгінгі күнге жеткен салт–дәстүр, әдеп–ғұрыптарымыздың қайта жаңғыруына үлес қосты», - деді ол.

«Шаңырақ» перформансы «Астана мюзикл» театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазиннің режиссерлігімен қойылды. Либретто авторы Әннас Бағдат, композиторы Болатбек Нұрқасымов болса, хормейстері – Алмат Әбішев.

Қойылымның барша көрермен қауымға арналған премьерасы да дәл осы жерде 5-6 қараша күндері ұсынылады.