Киік атудан бас тартқан жоқпыз – Ерлан Нысанбаев

Фото: Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киік санын реттеу саясаты туралы министрлік таратқан ақпаратқа түсініктеме берді. 

Мәселенің мәні

Еске салсақ, ведомствоның баспасөз қызметі сарапшылар бұл жолы киік санын реттеуде ізгілікке қайшы тәсілдерден бас тартқанын мәлім еткен болатын

Осылайша мамандар атудың орнына мынандай тәсілдерді қолданатыны айтылған:

— Спутник арқылы бақылау жолымен киік миграциясы мен шоғырлануын мониторингілеу және болжау;

— Киік санын биологиялық шектерде (арнайы қаумалдарда) ұстау үшін ұзақ мерзімді ғылыми негізделген жоспар әзірлеу;

— Фермерлерге қолдау тетіктері — қоршау құралдарына субсидиялар, залалды өтеу әдістемесін әзірлеу;

— Тиісті заңнамалық өзгерістер — киік қозғалыс дәліздерімен үйлестіріп, жайылымдарды басқару.

Министрдің ұстанымы

Алайда министр Ерлан Нысанбаев бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын айтты.

— Бізде ондай ұстаным жоқ. Біз ғалымдарды жинап, солардың алдына осы мәселені қойғанбыз. Қазір атудан бас тартқан жоқпыз. Президенттің тапсырмасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ бізге ғылыми негіздеме керек. Онсыз ештеңе жасай алмаймыз. Нақты шешім келесі аптада белгілі болады, — деді ведомство басшысы.

Бұған дейін елдің бірнеше өңірінде 20 мыңнан астам киік өлексесі жиналғанын жазған едік.