Бұл туралы Үкіметтегі брифинг барысында журналистердің сауалына жауап берген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, киік етін өңдейтін кейбір кәсіпорындарда дайын өнім жиналып қалған. Себебі өндіріс көлемі тұтынушылар сұранысынан асып кеткен.
— Бастапқы кезеңде киік етінен дайындалған консервілерге сұраныс жоғары болды. Тұрғындар өнімді көбіне жаңалық ретінде сатып алды. Қазір сұраныс төмендеді. Соның салдарынан киік етін өңдеуге тартылған кәсіпорындар өнімді өткізуде қиындық көріп отыр, — деді вице-министр.
Экспортқа салынған тыйым өнімнің өтімін тежеп отыр. Вице-министрдің айтуынша, халықаралық ұйымдардың талабына сәйкес, киік пен одан алынатын өнімдерді шетелге экспорттауға рұқсат жоқ.
Вице-министр өз сөзінде киік етін өткізудің бір бағытын атады. Оның айтуынша, бұл — вахталық кезекте жұмыс істейтін кәсіпорындар мен азық-түлік өнімдерін ірі көлемде сатып алатын ұйымдардың ас мәзіріне киік етін енгізу.
— Қазір бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Соның бірі — киік етін мемлекеттік сатып алудың жекелеген бағыттарында пайдалану. Әрине, санитарлық талаптар сақталады. Сондықтан бұл өнім балаларға берілмейді, — деді ол.
Бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігі Экология және табиғи ресурстар министрлігі, сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп қарастырып жатыр.
— Әрине, санитарлық талаптар бар. Сондықтан киік еті балаларға берілмейді. Алайда оны вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындар мен азық-түлік жаппай сатып алынатын ұйымдардың ас мәзіріне енгізуге болады. Басқа ет түрлерімен бірге қолданылса, қауіпсіз. Қазір оған қатысты ешқандай шектеу жоқ, — деді Азат Сұлтанов.
Азат Сұлтановтың айтуынша, әскери қызметшілердің күнделікті ас мәзіріне киік еті енгізілмейді.
— Әскерге 18 жастан асқан азаматтар шақырылады. Жас ағзаға диеталық еттен гөрі құнарлы тағам көбірек қажет. Ал киік еті — диеталық өнім, — деді вице-министр.
Сондай-ақ ол киік етінің адам денсаулығына қауіпсіз екенін де еске салды.
— Өңдеу кәсіпорындарында ветеринариялық мамандар жұмыс істейді. Киік еті де, басқа ет өнімдері де зертханалық бақылаудан өтеді. Сондықтан оның қауіпсіздігіне күмәндануға негіз жоқ, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін киік еті мен оның бұқтырылған етін қайдан және қанша теңгеге сатып алуға болатынын жазған едік.