Киік етін қорықпай ала беріңіздер – Вице-министр

Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында ауланған киік қалай сойылатынын айтты.

- Киік еті адал сойылғанына қандай кепілдік бар, - деп сұрады журналист.

Вице-министрдің сөзінше ауланған киік етін сатуға дайындауға 15 комбинат жұмылдырылған.

- Ауланған киіктің бәрі міндетті түрде бауыздалады. Етке жіберілмей тұрып міндетті түрде ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткізіледі. Сараптамадан өтпеген ет сатуға жіберілмейді. Сол үшін тиісті инспекторлар тартылған. Жалпы киік мекен ететін маңайдың топырағы мен суынан, жайылымы ортақ жануарлардан сынама алып ауруға тексеріледі.

Осындай жүйелі жұмыс бар. Сондықтан бұл жерде мықты қадағалау бар. Әсіресе киікті союға, сатылуына ешқандай күмән болмау керек. Қорықпай-ақ алуға болады, - деді Аманғали Бердалин.

Бұған дейін киік етін қайдан алуға болатынын жазған едік.