Киік санын атпай-ақ реттеуге болады – Мәжіліс депутаты
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов киік санын реттеуге арналған дөңгелек үстел алдында журналистерге осы мәселеге байланысты ұстанымын айтты.
«Ауыл» партиясының өкілі қазір шынымен де киік жайлайтын өңірлердегі шаруалардан түрлі шағымдар түсіп жатқанын айтады. Сондықтан киік санын реттеудің оңтайлы жолын қайткенде де табу керек. Бірақ ол тәсіл киік атудан басқаша жол болу керек деп есептейді.
- Жеке өзім киік санын ату арқылы реттеуге қарсымын. Былтыр 235 мың басты атуға рұқсат берілген кезде министрмен сөйлестім. Қаңтар айында олар әлі 85 мың бас атамыз, 10 ақпанға дейін рұқсат бар дегенді айтты. Соның негізінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына хат жолдап, тоқтатқан адамның бірі мен едім.
Өйткені буаз кезінде, ішінде 2-3 лағы бар бастарды ату обал болады, - дейді ол.
Ерболат Саурықовтың сөзінше, киік санын реттеудің үшінші жолы бар.
- Ол үшін арнайы цехтер ұйымдастыру немесе бұқтырылған ет өндірісін жолға қою қажет. Бірақ етке алынатын киіктерді тормен аулау немесе қамап ұстау тәсілдерін қолдану керек. Мысалы шетелде үлкен-үлкен арыстандарды, жолбарыстарды атпай-ақ ұстап жатқанда киікті ұстаудың әдісін табуға болады деп ойлаймын, - дейді депутат.
Еске салсақ, бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нсыанбаев мемлекет киік ату тәсілінен бас тартпағанын мәлім еткен еді.