Киікті ату-атпау мәселесі жазға қарай шешіледі – вице-министр

Фото: Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев киік санын реттеудің нақты тетіктері жазға қарай белгілі болатынын айтты.

Астанада киік санын реттеу мәселесіне арнап өткізілген дөңгелек үстелден кейін вице-министр Нұркен Шәрбиев журналистерге нақты шешім қашан қабылданатынын мәлім етті.

- Бүгін екінші дөңгелек үстел өтті. Біріншісі Алматыда ғалымдардың ортасында өткен. Ғалымдардың ұсынымдары белгілі деуге болады. Өздері беріп отыр. Енді соларды біріздендіріп, біріктіреміз.

Сондай-ақ, Зоология институты мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан университеті бірлесіп биологиялық негіздеме әзірлеп жатыр. Заң бойынша биологиялық негіздеме әзір болғаннан кейін киікті орнықты пайдалану туралы нақты шешім қабылдауға болады, - дейді ол.

Оның сөзінше, нақты шешім қабылдаған кезде киіктің соңғы санағы да ескерілмек.

- Мамыр айында бүкіл жабайы жануардың санағы жүреді. Оның ішінде киік те бар. Сол санақтан кейін елдегі киік саны нақты қанша екені түсінікті болады. Қазір 4 миллионнан асты деп отырмыз. Осы санды тағы бір нақтылаймыз. Сонда осы шаралардың бәрі аяқталғаннан кейін маусым айына қарай Үкіметке ұсыныс жібереміз. Әрі қарай үкімет шешім қабылдайды, - деді Нұркен Шәбиев.

Вице-министрдің киік саны 4 миллионнан асты деп отырғаны былтырғы санаққа негізделіп айтылған мәлімет екенін айту керек. 

- Ақбөкендерді қорғап, есепке алуға арналған мемлекеттік шаралар өз нәтижесін берді. 2003 жылы киік саны 21 мыңнан, 2024 жылы 2,8 миллионға дейін жетті, - деді ол дөңгелек үстел кезінде.

Оның сөзінше, кеңес заманында киіктер ең көбейді дегеннің өзінде 1,2 млн бастан аспаған.

Сондай-ақ, ол былтырғы мамырда төлдеген киікті қосқанда ақбөкендердің қазіргі саны саны 4,1 миллионға дейін жеткенін айтады. Оның ішінде Орал популяциясы - 2,3 млн, Бетпақдала популяциясы - 1,6 млн, Үстірт популяциясы 92,2 мың бас болды деген есеп айтылып жүр.

Нұркен Шәрбиев бұл жайттар, әсіресе Батыс Қазақстан облысында жайылым тапшылығын туындатып отырғанын айтады. 

Министрлік ақбөкендерді сақтау мен ұтымды пайдаланудың 2025-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп, өзге мемлекеттік органдардың мақұлдауына жіберген көрінеді. Ол құжатта мынандай шаралар қабылдау ұсынылып отыр:

- жыл сайын киік саны мен жағдайына ғылыми мониторинг жүргізіп, өріс аумақтарын картаға түсіру;

- автожол мен теміржол, құбырлар мен өзге де құрылыстар келтіріп отырған кедергілерді жойып, өткелдер салу;

- тұрақты басқарудың құқықтық базасын кеңейту;

- жергілікті қауымдастықтармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату;

- киік еті мен мүйізінің заңсыз айналымына бақылауды күшейту. 

- Зоология институты киіктердің өрісін анықтап, эпизоотикалық қолайлы жағдайға қажетті шекті санды белгілеуді көздейтін ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр (2024-2026 жылдарға). Киік санын реттеу туралы нақты шешім осы зерттеудің қорытындысын негізге алып, қоғамдағы пікірлерді ескере отырып қабылдану керек, - дейді вице-министр.

Сондай-ақ, ол Ауыл шаруашылығы министрлігі киік тіршілігінен шаруаларға нұқсан келуі мүмкін 9 өңірді белгілеп, фермерлерге көмек көрсететін жедел штабтар құрғанын атап өтті. 2025 жылы бұл штабтардың жұмысына министрліктің ішкі резервінен 401 қызметкер мен 202 техника тарту жоспарланған. Оған қосымша жергілікті әкімдіктерге қарасты 122 орман шаруашылығынан 788 адам мен 296 техника жұмылдыру жоспарланып отыр.

Дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов киік жайлайтын өңірлерде тәуелсіздік кезінде берілген шаруашылық жерлерді кеңес заманындағы егіс алқаптарының картасымен салыстыра отырып, қайта жасап шығу керек деген ұсыныс айтты.

- Мен бұл жерде киік өрісінің картасы кеңес заманында болды деп отырған жоқпын. Ол кезде егіс алқаптарының картасы болған. Сол картада киік өрісінің шекаралары да анық көрсетілген. Осының негізінде киік өрісіне кері әсері болмайтындай етіп, заңсыз, ғылыми негіздемесіз шаруашылыққа беріліп кеткен жерлердің мәселесін қайта қарау керек, - деді ол.

Сондай-ақ, ғалымдар тарапынан «киік санын реттеу» деген терминнен бас тарту ұсынылды. Халықаралық құжаттардың бәрінде оның орнына «киікті орнықты пайдалану» дейтін ұғым қолданылатыны да айтылды.

Еске салсақ, елімізде мал терісі мен жүнін шетелге шығаруға қойылған кедендік баж салығын жою туралы шешім қабылданған болатын.