Киіктің 20 пайызы аулануы мүмкін: еті мен мүйізі қайда тапсырылады
АСТАНА. KAZINFORM – Бұған дейін киік санын реттеуге, аулауға қатысты ғалымдардың биологиялық негіздемесін Зоология институты дайындайтыны айтылды. Осы орайда бұл құжат аясында қандай қорытынды шығарылды? Осы сұраққа Ғылым және жоғары білім министрлігі жауап берді.
- 2025 жылы Қазақстандағы Орал және Бетпақдала киіктерінің популяциясы рекордтық деңгейге жетті. Бұл жағдай киіктердің ауыл шаруашылығы жерлеріне кіруіне әкелді. «Зоология институты» РМК тиісті биологиялық негіздемені әзірлеп, оны жануарлар дүниесі жөніндегі уәкілетті органға (ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті) ұсынды. Биологиялық негіздемеде көпжылдық және қазіргі ғылыми деректерге, сондай-ақ киіктің биологиялық ерекшеліктеріне сүйене отырып, олардың санын реттеу ұсынылған, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бұл ұсынысқа сәйкес, киіктің ұрғашы және еркегін қоса алғанда, Орал популяциясынан – 460 мың, Бетпақдала популяциясынан 290 мыңын алу арқылы санын реттеу ескерілген. Жалпы алғанда, ауланатын киіктің саны 20% құрайды.
- Аулау жынысы мен жасы бойынша биологиялық негізделген пропорцияларды сақтай отырып (тұрақты популяция санын сақтай отырып, ең жоғары ет өнімділігін қамтамасыз ететіндей текелердің 40%-ын, ұрғашыларының 30%-ын, сондай-ақ еркегі мен ұрғашы жас киіктердің 30%-ын аулау), уәкілетті органның мамандандырылған құрылымы ұйымдастыратын тиісті іс-шаралар арқылы жүргізілуге тиіс. Атап айтқанда, киіктердің тұтас етін ет комбинаттарына тапсыру керек, мүйіздерін арнайы мамандандырылған нысанда сақтап, түгендеп, таңбалау керек. Материалдық-техникалық базаны, инфрақұрылымды дамыту, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және киік популяцияларын ұзақ мерзімді тұрақты басқару стратегиясын әзірлеу бойынша шаралар ұсынылады, - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Еске салсақ, жақында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ғалымдардың биологиялық негіздемесі аясында Қазақстанда киіктердің 20 пайызы реттеуге жататынын айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, министр маусым айының басында ғалымдар киік санын реттеу турлы биологиялық негіздемені қашан әзірлейтінін айтқан еді.
Егер киікті аулауға рұқсат берілсе, бұл іс-шаралар күзде басталады.
Сонымен қатар, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры, биология ғылымдарының докторы Әлжан Шәмшідін киікке қатысты жасалған зерттеулер жөнінде түсінік берді.
Оның пайымынша, еліміздегі 4-5 млн киіктің жыл сайын 20 пайызын етке пайдалануға беруге болады.