АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында грек-рим күресінен Қазақстанның VI жазғы спартакиадасы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жарыста әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері, 35 жастағы Алмат Кебіспаевтың кілемге қайта оралуы жанкүйерлердің назарын ерекше аударды.
Қарағанды облысының атынан күрескен Алмат Кебіспаев 67 келіге дейінгі салмақта финалға қиналмай шықты. Соңғы бәсекеде шығысқазақстандық Мерей Бекеновті 5:2 есебімен ұтты.
Осылайша, А.Кебіспаев Қарағанды облысына алтын әперді.
Сондай-ақ бүгін Абай облысының өкілі Айбек Сабырбеков (60 кг), алматылық Азат Садықов (77 кг), тағы бір абайлық Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) және шымкенттік Әлімхан Сыздықов (130 кг) чемпион атанды.
Кеше өз салмақ дәрежелері бойынша Марлан Мұқашев (Астана, 55 кг), Мұхаммедәли Мамырбек (Шымкент, 63 кг), Ибрагим Магомадов (Қарағанды, 72 кг), Ислам Еволев (СҚО, 82 кг), Олжас Сырлыбай (Қызылорда, 97 кг) үздік шықты.
ҚР VI жазғы спартакиадасы енді еркін және әйелдер күресі бойынша жалғасатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).