АСТАНА. ҚазАқпарат - Франция құрамасы мен ПСЖ командасының шабуылшысы Килиан Мбаппе өткен жылдың қорытындысымен Еуропаның алғашқы бестіктегі чемпионат ойыншылары арасында үздік сұрмерген атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
24 жастағы франциялық шабуылшы барлық деңгейдегі 56 ойында 56 гол соқты. Ол биыл «Алтын доп» байқауында дауыс беру нәтижесінде алтыншы орынға тұрақтады.
Шабуылшы Франция чемпионы атанып, суперкубокты төбесіне көтерді. Өз елінің құрамасымен Қатарда өткен әлем чемпионатында финалға дейін жетті.
Килиан Мбаппе Францияның бірінші лигасында биыл да гол соғудан көш бастап тұр. Қазір оның еншісінде 15 кездесуден кейін 13 гол бар.
Еске салсақ, Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері Магомед Адиев «Жыл бапкері» номинациясында үздік атанды.
Фото: GETTYIMAGES
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.