АСТАНА. ҚазАқпарат – «ПСЖ» клубының шабуылшысы Килиан Мбаппе Франция чемпионатында қараша және желтоқсан айларының қорытындысы бойынша үздік ойыншы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, 24 жастағы К.Мбаппе Франция футболшылары кәсіподағының сайтында жүргізілген дауыс беруде озып шыққан.
Қараша мен желтоқсанда Килиан өзінің командасы өткізген үш матчқа қатысып, екі гол соқты. Кристоф Галтьенің шәкірттері бұл ойындарда жеңіске жетті.
Биылғы маусымда Мбаппе біріншілікте 17 кездесуде 13 голдың авторы атанып, 2 нәтижелі пас берді.
Жуырда Франция кубогінің 1/16 финалында «Пеи де Кассель» клубымен өткен матчта Мбаппенің бес гол соққаны белгілі.
Франция чемпионатында 19 турдың қорытындысы бойынша «ПСЖ» 47 ұпай жинап, көш бастап келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Килиан Мбаппенің «ПСЖ» тарихында бір ойында бес гол соққан алғашқы ойыншы атанғанын жазған болатынбыз.
Фото: CATHERINE STEENKESTE/GETTY IMAGES
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).