Қылмыс әлемінің серкесі болған Көлбаевтың 720 пәтері мемлекет меншігіне өтті
Қырғызстанда көзі жойылған қылмыс әлемінің серкесі Қамшыбек Көлбаевтың 720 пәтері ерікті түрде мемлекет меншігіне берілді. Бұл туралы Кабар агенттігінде болған баспасөз конференциясы кезінде Мемлекет меншігін басқару мемлекеттік агенттігі директорының бірінші орынбасары Медер Машиев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
Оның сөзінше, әңгіме құрылысы аяқталмаған пәтерлер туралы болып отыр. Олар, жоспар бойынша, 2027 жылы салынып бітеді.
Сондай-ақ, ол бұдан бөлек 2023 жылдың 10 айында мемлекет меншігіне 38 жер телімі мен үй және 356 көлік өткенін атап өтті.
Кеше Қырғыз Республикасының мемлекет мүлкін басқару агенттігі қылмыс әлемінің серкесі Қамшы Көлбаевқа тиесілі болған алты автокөлік электрондық аукцион арқылы сатылатынын мәлім еткенін жазған едік.
Бұған дейін Қырғызстанда атышулы қылмыстық авторитет Қамшы Көлбаевты (Қамшыбек Асанбек) ұстауға бағытталған арнайы операция жүргізіліп, атыс кезінде ол қарсылық көрсетіп, ҰҚК арнайы жасағының күшімен көзі жойылғанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ, Қырғызстанда қылмыстық іс аясында жүргізілген жедел-іздестіру шарасының барысында Көлбаевқа тиесілі болған, құны 500 мың АҚШ доллары болатын асылтұқымды жылқылар тәркіленді.
Мемлекеттік кеден қызметінің 50-ге жуық қызметкері марқұм болған қылмыс әлемінің серкесі Қамшы Көлбаевпен тығыз байланыста болғаны үшін жұмыстан шығарылды.
Қамшы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковқа сыйлаған люкс санатындағы бронды автокөлік те тәркіленгенін еске сала кетейік.