Қылмыскерлер электрондық сату жүйесіне кіріп, 450 млн теңгенің тауарын ұрлаған – ІІМ

Фото: Фото: polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның көмегімен ірі сауда желілерінің біріне тиесілі тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлау схемасын жойды.

Polisia.kz-тің мәліметінше, қылмыстық топ сауда желісінің бұрынғы қызметкерлерімен келісе отырып, электрондық сату жүйесіне заңсыз кіру мүмкіндігін пайдаланып, екі жыл ішінде жалпы сомасы 450 млн теңгеден астам тауарын ұрлаған.

Қылмыстық жолмен алынған техника елеміздің бірнеше қаласында сатылған.

- 20-дан астам тінту іс-шаралары өткізілді, 120-дан астам түрлі техника, оның ішінде белгілі өндірушілердің ондаған ұялы телефондары, ірі көлемде ақша, травматикалық тапаншалар және әртүрлі калибрлі патрондар тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аса ірі мөлшердегі ұрлық және алаяқтық фактілері бойынша жүргізіліп жатыр, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс. 

Еске салсақ онлайн-казино ойынын ұйымдастырған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған еді.