Қилы кезеңнің тарихы мен тағылымы

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың бір ерекшелігі - үш бірдей тарихи оқиғаның қабаттаса келуі. Тар жол, тайғақ кешудің талай-талай қилы кезеңдерін басынан кешірген Қазақ елінің егемендік алып, еңсе көтергеніне 25 жыл толуы тойланғалы жатыр, деп жазады «Айқын» газеті.

Сондай-ақ осы азат­тықтың алғышарты саналатын Қазақ­стан­дағы Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жыл­дығы және саяси сипаты осыған сабақтас Желтоқсан көтерілісінің 30 жыл­дығы аталып өтпекші. Аталмыш тарихи оқиғалардың мән-маңызы ұлтымыздың береке-бірлігінің, тату-тәтті тіршілігінің, ынтымақ-ырысының ұйтқысы, Мәңгілік ел болуымыздың іргетасын қалағандығы. Егерде бодандық бұғауынан босанып, бостандыққа жету жолында бастарын өлімге тіге жүріп, жанқиярлық ерлік жасап, күреспесе қазақ баласы бүгінгідей заманда ғұмыр кешер ме еді?! Олай болса, қазағын мұндай армандаған мұратына жеткізген тарихи оқиғалардың ел есінде мәңгі сақталып, болашақ ұрпақтың өмірлік өнегесіне айналуын ойластыру - біздің азаматтық борышымыз. Осы орайда түрлі құжаттарда көршілес, тағдырлас елдердің мұрағаттарында сақталған мәні зор мәлімет-деректерді жинастырып, ғылыми-зерттеулер арқылы зерделеп, ақтаңдақ­тардың ақиқатын ашып, кеңес заманының, компартияның көлгір саясатының ыңғайына жығылып, айта алмай келген шындықты жалғанның жарығына шығару жұмысы жүйелі жүргізуге тиіс.

Алайда осынау тарихи оқиғаларды көркем әдебиеттің көрігінде шыңдап, кес­телі тілмен, кемел ойлы, түйіні тұщым­ды, жаныңның жадын жаңғыртып, санасын сілкіндіріп, ұлттық ар-намысын рухтан­дыратын шығармалар жазудың жөні бөлек. Бұл жөнінде қазақ ақын-жазушыларына өкпе айту орынсыз. Кешегі қылышынан қан тамған, саясатқа келгенде сауысқандай сақ кеңестік кезеңнің қуғын-сүргіні кезінде де бұл тақырып ұмыт қалған жоқ. Әрине, аяқты аңдап басқан соң да, ойда жүрген, жүректе сақталған ақиқат сөздер жеріне жеткізе айтылмағаны анық. Ал тәуелсіздік алғалы сол тұсау алынып, еркіндік ержетті.
Осы тұста таяуда тұсауы кесіліп, оқыр­мандар қолына тиген жаңа роман «Әй, дүние-ай!» ойға оралады. Қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің тарихи тақы­рыпты таңдап, қалам тербеуі тегін емес. Оның шығармашылық жолына ой жүгірт­сең, бірсыпыра туындыларының арқауы Қазақ елінің өткен-кеткен өміріне байла­нысты екендігіне көз жеткізесің. Әсіресе, кезінде жақсы бағаланған «Жау жағадан алғанда» романы мен «Өзендер өрнектеген өлке» деректі хикаясы. Қаламгердің әр жылдары мерзімдік баспасөз беттерінде жарияланып, кейін екі-үш кітабына жүк болған мақалалары тікелей қазақ тарихына қатысты жазбалар. Бір ғажабы, Бексұл­тан­ның сол мақалаларының қозғау салуы­ның арқасында 1916 жылғы Қарқара Ұлт-азат­тық көтерілісінің құрметіне Ереуіл­төбе ескерткіші орнатылды. Ал «Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы» елдік деңгейде аталып өтіліп, оның мектеп оқулықтарына енгізілуі де Бексұлтанның еңбегі. Ендеше, жазушының қазіргідей көркем әдебиеттің бәсі төмендеп, оқырмандар қатары сиреп, қаламгердің еңбегі еленіп, ең болмаса қаламақы төленбейтін заманда көлемі шағын болғанымен, мақсат-мұраты биік, айтар ойы айдынды, тақырыбы тың, көркемдік кестесі көз жауын алатын гауһар шығарма жазуы қуанарлық жаңалық. 
Романда баяндалатын оқиға желісі бізге бұрыннан таныс. Өйткені Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесін оқыған­быз. Соны біле тұрып, Бексұлтанның не себепті роман жазуға тәуекел еткендігіне таңғалғанбыз. Шығарманы оқи келе мәселенің мәнісіне көз жеткіздік. Мұқаң қаратүнек замандағы қазақ халқының қасіретті тағдырын көркемсөзге көшіріп, тарихтың бұрмаланбауына жол салып кеткен екен. Әйтсе де, шындықты қаз-қалпында, түп тамырымен қопарып жазуға қалам қуаты жетсе де, кеңестік кертартпа саясат мұрсат бермегені белгілі. Соның өзінде «Қилы заман» арада 40 жыл өткен соң барып ортамызға оралды емес пе?! Онда да орысша аудармасы әуелі А.Твар­довский басқаратын «Новый мир» жорналында Ш.Айтматовтың алғысөзімен жарияланған соң ғана қазақшасы қайта басылғаны бекер емес. Кеңес өкіметі қазақ сияқты қарамағындағы халықтардың өткен өмір-тіршілігін ұмыттырып, олар­дың зұлмат заманда көрген зорлық-қорлығын айтқызбауға барлық айла-тәсілін қолданып, әрі қорқытып бақты.
Тәуелсіздік алып, азат ел болған соң сол тасбұғауда жатқан тарихты жалғанның жарығына шығаруға жол ашылды. Мұра­ғаттарда сақталған құжаттарды, естелік­терді, ел аузында жүрген есті әңгімелерді жинастыра жүріп, көкейін тескен көп ойларын жүрегінде жұптай келе тәуекелге бел буған жазушы, Әуезов, Аймауытовтың біле тұра айта алмаған шындығын халқына мен жеткізейін деген ізгі ниетпен роман жазуға кіріскен. Ол ойын араға он жыл са­лып жүзеге асырды. Сөйтіп, қазақ әде­биеті ғана емес, ұлт тарихына да олжа салды. 
Романның тақырыбын айттық. Ендігі әңгімеміз де әрине, оның мақсаты мен мазмұнына, кейіпкерлер бейнесі мен көркемдігі жөнінде жалғасын таппақ. Алаштың игі жақсыларын ұлтының сөзін сөйлеп, мүддесін айтқаны үшін абақтыға қамап, жер аударып, атып-асып, жазықсыз жазалаған қуғын-сүргіннен зәрезап болған соң да он алтыншы жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің ақиқаты ашылып айтылмай келді. Патша үкіметінің қолшоқпары - жазалаушы әскерінің халықты қынадай қырғанын, қоныс аудара сала сулы-нулы жер жаннатына жайғасып, байыған келім­сектердің Құдайын ұмытып, жергілікті жұртшылықпен жауласа кетуін айтуға тыйым салынуының себебі: олардың бәрі орыстар болуы. Ал кеңес саясаты осы орай­дағы шындық айтылса, сендер орысқа қарсы болдыңдар деп күстаналай жөне­летін. Сонда қалай, зорлық-зомбылық көріп, өз елі, өз жерінде құл мен күңнің ғұмырын кешіп, алтын басын аяқасты етіп, ар-намысының тапталғанына төзіп, тып-тыныш жүре беруі керек пе?! Міне, бұл, шовинистік сойқан саясатының салдары. Оның үстіне қазақ жалпы орысқа жала жауып отырған жоқ. Өйткені қара халықта кінә жоқ, бар пәле биліктен. Жазушының басты мақсаты - кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасқа, пікірлерге, дәйекті дәлелдерге сүйене отырып, осы мәселенің басын ашып алған. Сондықтан орысқа қарсылық деген орашолақ ойдан, жаңсақ пікірден аулақ болуымызға Бексұлтан берік сендіріп отыр. Ал жазушының жанын салып жазып отырғандағы көздеген басты мақсаты - қисапсыз қорлық пен зорлыққа, қысқасы басынан кешкен төзбей, қолында бес аспап қаруы болмаса да, ұлттық ар-намысы рухтандырып, жігер-қайрат берген қазақтың атқа қонып, көтеріліске шығуын мадақтау деп білемін. Ұлттық қалпын, елді­гін сақтап қалу жолында құрбан болған­дардың азаматтық ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс. Қазақтың жер бетінен жойылып кетпей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, дәурен сүруінің тура жолы осы. Сайын даламызды дүрілдеткен дүбірлі оқиға Ұлт-азаттық көтерілістің мән-мәнісінен туатын түйін бұл.
Романдағы оқиғалар да, оның кейіп­керлері де ойдан қиыстырып жазылмаған. Жазушының тарихи құжаттарға өз жанынан бір ауыз сөз қоспай, тек сол мұрағат деректерін образға орап, көр­кемдеп жеткізгенін көреміз. Шығармада шырқын бұзбай, болған оқиғаны байыппен баяндап шыққан қаламгердің өз сөзінің төркінін кейде тұспалдап, кейде туралап айтқан пікірлеріне қосыла отырып, жүрегің езіліп, қан жылайсың. Мысалы, Фонберк­тің отряды түн ортасында қаннен қаперсіз ұйықтап жатқан ауылдың адамдарын, тағы бір жолы алдынан ақ ту байлап шыққан көшті жайратып салып, жоғары жаққа «көтерілісшілердің» көзін жойдық деп мақ­тана мәлімет жолдайтыны бар. Мәлі­метте қанша адам өлгені айтылмай, қанша мал басын олжалағандары көрсетілген. Романда осы фактілер оқиға желісін өрбі­туге пайдаланылған. Деректі шын­дықтың көркем шындыққа ойысуының жолы осындай. Осы жерде қарапайым халықтың дүр көтерілуінің себебін іздесек, бәріне кінәлі патшалық билік басындағы шенеу­ніктер екеніне көз жеткіземіз. Тұтқиылдан үш күн ішінде қара жұмысқа алынатын адамдардың тізімін жасап беруді талап еткен бұйрықтың мәнісі алдын ала түсін­дірілмеуі ел-жұртты қалайша дүрліктір­месін. Соғысып жатқан патша әскері жасырынатын ор қазатын қазаққа жаудың оғы тимей ме? Сонда қалай бізді тірілей оққа байлап бергені ме?! Міне, бұл саясатты дұрыс түсіндірмеудің әлегі. Ақ патшаның жарлығына қарсы шықты деген желеумен жазықсыз қазақ қауымының қырғынға ұшырауының бір ұштығы осында жатыр. Сондай-ақ осы көтерілісті сылтауратып, қазақты жаппай қырып-жойып, үркінші­лікке ұшыратудың артында патша үкіметі­нің тағы бір арамза жоспары болатын. Ол қазақтың шұрайлы, құнарлы жерлеріне ішкі жақтан - Ресей, Украинадан көшпен­ділерді әкеліп қоныстандыру еді. Осылай­ша, жерін тартып алып, елін билеп, қазақ­тың тұқымын тұздай құртуды алыстан көздеген сұрқия саясатының сырын ендi айтып жатырмыз. Бұрындары бiлсек те жұмған аузымызды ашпайтынбыз. Оны айтсақ орыстың, кеңес өкіметінің қас-дұшпаны саналып, сотталып кететінбіз. Өз ұлтымыздың сөзін сөйлесек болды, халық жауы атанып, атылып кететінбіз. Бұл пікі­рімізге нақты мысал келтірудің тіпті де қажеті жоқ. Қазақ елінің өмір-тіршілігінің кез келген кезеңi осындай оспадар, жосық­сыз, қиянатшыл саясаттың мың сан мыса­лына тұнып тұр. Осыншама қайғы-қасiрет шеккен қазақ ұлтының темiрдей төзiмдiлiгi, наркескен намысқойлығы, қайыспас қайраты, жасамыс жiгерiне сүйсiнбеске не шара?!
Айтқандай, Алаш арыстарын осынау ала шапқын, аласапыран заманда, қалың елі қазағы, айға шапқан арыстанның күйін кешіп, босқа қырылып жатқанда жана­шыр­лық жасамады деп айыптай алмаймыз. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов бастаған ұлт көсемдері жарлыққа қарсы шығып, халықтың босқа қырылып қалатынын айтып, оданда жіберген жерлеріне барып, жағдайды өз көздерімен көріп, елге ес жиып қайтқанын қолдап, жар салғанын білеміз. Олар, тіпті сол қара жұмысқа алынған қазақ жігітте­рінің хал-жағдайын өздері барып зерттеп, арнайы мәселе көтеріп, Дума талқысына салған. Ал өмір шындығына келгенде олардың басу айтып, көтеріліске тоқтау салуға әрекеттенгендері көрегендік еді. Бірақ жан сақтаудан да, ар-намыстың, ұлттық рухтың құрбаны болуды көксеген халықтың елдің азаттық жолында жанпида деген ұстанымын ұлықтауы да керемет қайсарлықтың, бостандықты бодандыққа айырбастамайтын еркінсүйгіштіктің айғағы болды. Роман кейіпкерлерінің жар­қын бейнесін жазушы Бексұлтан осындай кемел қасиеттері арқылы сомдап шыққан.
Жазушы әр кейіпкерінің тағдыр жолын таразылай отырып, олардың ел аман, жұрт тыныш кездегі көрген қызықтарын еске ала отырып, отбасының ойрандалып, дүниенің астан-кестеңі шығып, шақшадай бастары шарадай болып, тығырыққа тірел­ген шақта да адалдығы мен адамгерші­лігінен, намысқойлығы мен арлылығынан айырылмаған кісілік қасиеттерін бейне­леуге де ерекше мән бергенін байқаймыз. Қаламы қарымды, жазушылық шеберлігі шыңдалған шағында жазылған романның кейіпкерлері де кесек тұлғалар. Олармен тынысып-білісу арқылы өз жан сарайың жаңғырығады. Ойда-жоқта жаны жайсаң жаңа адамдармен жолығып, көңілің көтеріліп, жаның байып, қуанышты күй кешесің. Жазушының тарихи романдағы тағдыры бөлек, бейнесі ерек кейіпкерлері онсан. Сонда да оларды бір-бірімен шатыстырмайсың, әрқайсысының өз орны, өз жолы бар. Ал сол кейіпкерлердің кім екендігін, яғни бейнесін: айтқан сөзі, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, іс-әрекеті, адам­дармен ара-қатынасы, дүние құбы­лыстарына көзқарасы, ой-пікірі арқылы танып-біліп, бағалай аламыз. Бексұлтан адамтанудың осы бір айнымас әдеби әдіс-тәсілін шеберлікке шендестіре қолданып, кісілік қасиетімен жадымызда жүретін жайсаң жандармен жолықтырып отыр. Шығарманың шынайы бағасын беруге осындай тосын тұлғалы кейіпкерлерімен танысу жетіп жатыр. Романда әдеби кейiпкерлердiң қатары әжептәуiр. Соған қарамастан, олар әрқайсысының өз жолы, өз тағдыры бар, есiңде қалатын еңселi бейнелер. Шәйiнiң әкесi Тiлеулi мен Таза­бектiң әкесi Өмірәлі сынды ойда-жоқта патшаның әуелгі уәдесінен тайқып, қара жұмысқа қазақтың 19-43 жастағы жігіт­терін алатынын айғақтаған маусым жар­лығы шығып, қайтерін білмей, дағдарыстан дал болған мезгілде ел-жұртына ақыл-кеңесі дем берген данагөй ақсақалдардың іс-әрекеті мен ес жиғызар есті сөздері жадыңда жатталып қалады. Біріншіден, екі қарттың образы - баба қазақтың жалпы жиынтық бейнесі, екіншіден, олардың ой-пікір, түйінді тұжырымдары қазіргі қазаққа да сабақ, ең бастысы, сабақтастығымен қымбат. Жазушының әріден ой қозғап, тереңге бойлайтын ақыл-парасатының кемелдігіне, қалам қуатының қарымды­лығына осы арқылы көз жеткіземіз.
Мына бір тәмсіл Шәйінің әкесі Ті­леуліге берген мінездемесі ғой. Шәйінің бағалауынша, әкесі бітімі бөлек адам, оның қылығы да, мінезі де өзгеше. Ол «бұрынғы қазақтарды көп мақтайды да, қазіргінің көбіне ренжіп отырады. Әкесінің әңгіме­сіне қараса, мақтаншақ та, жалғыз атын көңілі құлаған адамға түсіп беретін жомарт та; қорыққаны мен сасқанын сездіргісі келмейтін намысқой да; өзінікі дұрыс-бұрыс болса да айтқанынан қайта қоймайтын әрі қайсар, әрі қырсық та; өзгенің өзінен асып бара жатқанына көз жұмып қарай алмайтын іші тар да; бүгінгі «е, жарайдысы» ертең өзіне қазылған ор екенін аңғармайтын аңқау да, біреуге сый қылғанды да жақсы көретін, біреуден сый алғанды да жек көрмейтін, әйтеуір, әлемдегі бар жақсы мен жаманды бойына түгел жинап алған жалғыз халық тек қазақ секілді». Осынау мысалды ұзақтау болса да Тілеулі ақсақалдың парасатын пайым­дататын болғандықтан әдейі мысалға келтірдік. Бұл қазақтың сыны мен сипаты. Қазақ күні бүгінде де осы қалпын жоғалт­қан жоқ. Сондай-ақ осы үзік үзінді Тілеулі ақсақалдың санасының сұңғылалығын және сол қасиетін жан-жүрегімен сезінген басты кейіпкер Шәйінің де түйсік-түсіні­гін, дүние құбылыстарын аңғарғыш ақылдылығын айғақтап тұр емес пе?! Тілеулі қарияның сөзі қандай болса, өзі де сондай адами қасиеттің қадірін білетін кісі. Ал Шәйінің ұғымталдығы ұлтының жан дүние - жаратылысын жақсы білетіндігінің белгісі. 
Роман кейіпкерлерінің сөз саптасына сүйене отырып, олардың бет-бейнесін көрсетуді көксеген жазушының пікіріне жүгіне кеткенім артық болмас. «Қазаққа сенбейді» бұл патша, кем санайды. Қолына қару ұстатпай, қара жұмысқа жұмсап отыр­ғаны да содан, - деді Тілеулі... Өкі­меттің саясатында шындық болушы ма еді?» деді Өмірәлі... Шындық, әділдік дегенді алдымен солар айтады, бірақ түптің түбінде шындық дегені шырмау, әділдік дегені алдау болып шығады... Аңқау ел бетпердеге иланады да, оның арғы қатпарында не тығулы жатқанын аңғармайды... Міне, қазақтың осындай бір жан қинайтын жаман әдеті бар: адалдан гөрі арамға илануға бейіл тұрады, өйткені адал нәрсе тура, қатқыл айтылады, ал арам нәрсе арбап-аймалап айтылады. Әлгі бәріміз айта беретін, бірақ мән бермейтін надандық дегенің сол: тура айтқан шындыққа емес, аймалап айтқан арамдыққа сену. Ақыл, білімді қажет етпейтін өсек-аяңға сене салады да; ойлануды, ақылға салуды қажет ететін нәрсеге өресі жетпейді.... Сонан соң... үйреншікті надандықтығын малдана береді». Мына мысалдан бас кейіпкер Тазабектің әкесі Өмірәлі қарияның дана­гөй­лілік дәрісіне құлақ асасың. Атасының ақылды кісі екенін жан дүниесімен түсінген Шәйіні де от басы, ошақ қасында жүрсе де қаражаяу әйел емес, жаны таза, жүрегі жылы, сезімі сергек қазақтың асылтекті анасы деп білесің. Осындай адамның тәрбиесін көріп, тәлім алған Тазабектің де тегін адам еместігіне сенесің. Өмірәлінің ортаға салған ойлары бүгінгі күннің де мәнді мәселесі екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл болса, жазушының көрегендігінің жарқын мысалы. 
Жәрмеңкені шабуды өзіне тапсырған сәттегі Жақыпбердінің жиналған ел алдына шығып сөйлеген сәтте Тазабектің «Тіле­уімді бердің-ау, құдайым» деп қуанатыны бар. Өйткені оның айтқаны жанына жаққан: «Менің міндетім, қорланған қазақтың намысын қорғау. Бәріміз бүгін намыс үшін біріктік, атқа қондық. Бірік­кендіктен біз күштіміз. Жәрмеңкеде (әскерде) мылтық көп, бізде аз. Сондықтан елді қорғайтын адам алдымен өзін қорғасын. Өйткені өлген адам ешкімді қорғай алмайды. Өлімнен қорықпайтын адам болмайды. Бірақ ажалы жетсе, қорыққан да өледі, қорықпаған да өледі. Сондықтан бекер өлмей, жауыңды жастана өлу керек. Жаудың қолынан өле салу ерлік емес, жауды өлтіру - ерлік. Осы есте бол­сын...» Жауға аттанғалы отырғанда бұдан артық қандай ақыл айтуға болады. Ұран­датпай-ақ айтылған ұғымды, ұтқыр ойлы сөз жүрекке жетері сөзсіз. 
Мінеки, кейіпкерінің аузына салған осындай аталы сөздерімен-ақ олардың образдарын ашып, ел басына күн туған тар кезеңде ұлттық рухын оятуға өлшеусіз үлес қосқан адамдардың аруағын тірілтіп, Ұлт-азаттық көтерілісінің ерлерін еске түсірген жазушының шығармашылық шеберлігіне шексіз риза боласың.
Патша жендеттерінің тауды сағалай қашып бара жатқан көшті: кемпір-шал, әйел-еркек, бала-шаға демей түгел өлтіріп кеткенін көзімен көрген сәттегі Тазабектің көңіл күйі баяндалатын мына монологын оқу арқылы кейіпкердің көзқарасын біле­сің, ішкі жан дүниесін аңғарасың: «Бір ада­мы өлсе, бүкіл ауылы бауырымдап жы­лайтын қазақ қынадай қырылып жатқанда неге үнсіз? Бәрі өлген бе, әлде намысы өлген бе? Намысты өлтіретін не, үрей ме? Үрей сонда өлімнің өзінен де үрейлі ме? Өзінің көзінен жас шықпай жылап келе жатқаны... бірақ мынадай жауыздыққа бақырып жылағаның жауап бола ма? Оған жауап - тек кек алу... Еркекті еркек деп, қолына қару тисе, қарсылық көрсетеді деп қырсын-ақ, ал әйел жанын қылыштап өлтірген әскер қандай әскер? Оны адам деуге кімнің аузы барады? Жендет, жай жендет емес, қанішер жендет! Қазақ бол­ғаны үшін ғана қырылып жатқан қай­ран қыршындар!.. Әйелді жау санап, оған мұншама жауығатындай не күн туды бұлардың басына? Жер бетінен қазақ атаулыны жоқ қылуды мақсат қылғандары көрініп тұр. Әйтпесе, әскер деген өзіне қарсы шыққан әскермен ғана соғыспай ма? Бейбіт жұртта, кемпір-шал мен бала-шағада не әкесінің құны бар? Жазық­сыз­дан-жазықсыз қаншама ғұмыр, қан­шама тағдыр тапа-тал түсте қиылып түсті... Оны кім санайды, кім сұрайды?.. Қазақтың қай күнәсі үшін? Момындығы, өзін-өзі қорғай алмағаны үшін бе?.. Бұл көргенімізді ұмытсақ, бізді ата-бабамыздың аруағы да ұмытар...» Жазушының өз сөзіне сүйеніп, кейіпкері Тазабектің жан арпалысын, халқының тағдырын ойлайтын азаматтық бейнесін көреміз. Бұл шынына келгенде жалқы мысал арқылы жалпы қазақтың ұлттық санасының оянуының көрінісі.
Қытайға қоныс аудармаса тұқымы тұздай құритынына көздері жеткен ауыл ақсақалдарының ақылын тыңдап, үдере көшіп, үркіншілікке ұшыраған қазақтың есін жидырған, осы шаруаның ұйтқысы болған Қожабек қарияның көшелі сөзі еді. Оның «Өлгенмен бірге өле берсек, арты­мызда ел болатын кім қалады» деген бір ауыз сөзінің құдыреті бір емес, бар қазақ­тың санасын сілкіндіргені айдан анық. 
 Көтеріліс кезінде қанды қырғынға ұшыраған ел-жұртына қорған болған кө­кірегі ояу, тәуекелшіл, текті жігіт Таза­бектің біртуарлық бейнесін қисынын келтіріп, жол-жөнекей болса да айтып бақтық. Оның сол бір зобалаң заманда көр­сеткен қайраткерлік қызметін, қиын-қыстау жағдай тудырған шырғалаң шақта ақылға салып, амалын тауып, аман қалып, адаспаудың жолын көрсеткен көсемдік қа­сиетін жазушы нақты іс-әрекетін баян­дау барысында сендіре, сүйсінте суреттеп шыққан. Тазабек арқылы ел-жұрты арқа сүйеген ардагер Алаш азаматы бейнесiн сомдауы сондай сәттi, сондай жарасымды. Оның адамгершiлiк қасиетiн, мәселенiң мәнiсiн тереңнен түсiнетiнiн айғақтайтын бір ғана мысал. Айдалада, оңаша жолыққан екі орыс жігіті зорлап, Қытайға қашып бара жатқанда, шекарада қоныстанған қалмақтардың біреуі қорлағанда да Шәйіні кінәлі санап, намыстанып, ажырасып кетпеуінің себебін Тазабектің өзі айтады. Оның ойының түйіні: «Зорланған қатын да, қорланған қарындас та кінәсіз, өйткені оларда қорғанатындай шама жоқ еді. Жаудың жауыздығын көргені үшін қатыны мен қарындасын енді өз елі де қорламауы керек». Мұндай кесек мінез, кесімді пікір тек бәрін әріден ойлайтын ақылды адам­ның ғана қолынан келетінін жазған жазу­шы­ның парасатты пайымы секемсіз сенді­реді. Қысқасы, жау жағадан алған қы­сыл­таяң шақта, қарақан басының емес, ел-жұртының қамын жеген, осы жөніндегі бар жауапкершілікті мойнына алған Таза­бек өз заманының заңғар тұлғалы ер-аза­мат­тарының жиынтық бейнесі деп біле­міз. Қа­ламгер романның басты кейіп­керін сон­дай деңгейге көтеріп, риясыз ақиқат­ты­ғы­на ойлы оқырмандарын да сендіре білген-ақ!
Осы жерде шығармадағы шынайы шындығымен бейнеленген Сопыйа мен Кобзев, Секерин мен Сергейчук сынды орыс кейіпкерлерінің образдары, көбінесе ойдан құрастырылатын, кеңестік әдебиет қиыстырған социалистік реализм қалып­тастырған әдеби әдіспен емес, өмірдегідей қаз-қалпында жазылғандығын айта кету артық болмас. Әке-шешесі ертеректе Жеті­суға жерұйық іздеп келіп, жоқшы­лықта қазақтардың жақсылығын көріп, кейін байып кеткен кезде де Құдайын ұмытпай, адалдық танытқан Кобзевтің қызы Сопыйаның да тіл біліп, қазақша ән айтып, қазақ Қожаққа тұрмысқа шығуы, оқыған, әділдікті жақтайтын мінезінен айнымай, көтерілісшілер жағына шығып, ақырында күйеуі екеуінің де жазалаушы жасақтың қолынан мерт болуы боямасыз, болғаны болған қалпында көрсетілген. Бұл болса адамның адалдығы мен адамгершілігін ұлтына қарап емес, болмысына қарап бағалаудың мысалы. 
Ал енді романдағы өткен ғасыр қасы­ретін өз басынан кешірген, сол тар жол, тайғақ кешулі тағдырдың барлық тауқы­метіне төзіп, Қазақ елінің тәуелсіз мемле­кет болғанын естіп барып дүниеден озған Шәйі-ананың шығармадағы жасампаз, жарқын бейнесі - нағыз ұлттық қасиеттің үлгісі. Бексұлтанның бүкіл көркем шығар­маларының басты кейіпкерлері қазақтың әйелдері екенін есімізге алсақ, жазушы бұл жолы да сол қалпынан жаңылмаған. Бір ғана әйел емес, жалпы қазақтың ұлттық бейнесін бойына дарытқан Шәйіні қадірменді халқымыз деп қабылдаймыз. Романның ұзына бойында баяндалатын оқиғалардың бәрі осы Шәйінің (шын есімі Жібек) қатысуымен, Шәйінің алмағайып кезеңдерді қалай қарсы алып, қандай ой-пікір түйгенімен, ұлттық дәстүр-салтты сыйлап, сақтап, оның жалғасты болуына атсалысуымен өтеді. Шәйінің көрген қызығы да, қорлығы да қазақ халқының тағдыры мен тарихынан алынған шындық­тың шерлі шежіресі. Өткен заманның жақсы-жаманын басынан өткізген, бойына сіңірген тұғырлы тұлға. Қазақтың тарихи тар кезеңінен аман қалған ұрпағы кешегі сұрапыл соғыста да қан кешіп, ерлік көр­сетеді. Ал олардың ұл-қыздары Желтоқ­сан көтерілісіне қатысып, бостандық жолына бастарын тігеді. Осылайша, ұрпақ жалғас­ты­ғы мен елдік жолындағы ерлікті мадақ­таған «Әй, дүние-ай!» романының жазылуы бір Бексұлтан емес, күллі қазақ әдебиетінің шоқтықты шығармасы екендігі күмәнсіз. 
Айтқандайын, кезінде отаршылдардың озбырлығын көргені, соғыста екі бірдей арысынан айырылғаны аздай, Желтоқсан көтерілісінде немере қызы қайтыс болып, қасірет шеккен бас кейіпкер Шәйі-ананың ауруханада жатып, еліміздің тә­уелсіздік алғанын естіп: «е, Құдай бар екен ғой» деген соңғы сөзін айтып дүниеден көшеді. Сөйтіп, роман тарихи оқиғамен тәмамдалады. Қилы кезең қызыметінің шежіресі жаңа заманның қуанышты күнімен аяқталды, әрине, тамаша түйін. Ендеше, қазақтың азаттық жолындағы - азапты сапарынан сыр шертетін, мақсаты да, көркемдігі де келісті жаңа романның еліміздің мәртебелі Мемлекеттік сыйлығын алуына тілектес болғанымыз жөн болар... 

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі