«Кім Білгіш?» турнирі алғаш рет 2016 жылдың күзінде өткізілді. Ойынның екі кезеңі онлайн режимінде өтіп, финалға 2-ші тур нәтежесі бойынша ең көп ұпай жинаған оқушылар қатысты. Астанада өткен қорытынды ойынына республиканың түрлі аймақтарынан 10 ойыншы қатысып, жеңімпаздар арнайы грамоталар мен бағалы сыйлықтар иеленді. Биыл турнир оқушыларға тиімді уақытта - жазғы демалыстарда өткізіледі.
Жобаның мақсаты - дарынды балаларды анықтау, оқушылардың танымдық қабілеттерін ынталандыру, пәндік білімдерін тереңдету, ғылымға деген қызығушылығын арттыру, білімді насихаттау, интеллектуалды мүмкіндіктерін дамытуға атсалысу.
«Кім Білгіш?» ойыны спорт, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, әлемде, өнер, Қазақстан тарихы, Қазақстан табиғаты, денсаулық, ғылым тақырыптарындағы 25 000-нан астам сұрақтардан тұратын мобильді қосымша. Онлайн турнир «Кім білгіш?» интеллектуалды ойыны бойынша қатысушылар арасындағы сайыс түрінде өтеді. Ойыншы алты раунд бойы түрлі категориялардағы сұрақтарға жауап беруі қажет. Ойын жеңімпазы дұрыс жауаптар саны бойынша анықталады. Турнир қазақ немесе орыс тілінде өткізіледі.
Онлайн турнирге қатысу өтінімдері 20 мамырдан 30 маусымға дейін қабылданады.
Онлайн турнирге qazaq-found.kz сайтының арнайы байқау парақшасына алдын-ала қатысуға өтінім жіберген республиканың жоғарғы сынып оқушылары (9,10,11 сыныптар) қатысады.
І және ІІ тур 1 шілдеден 31 тамызға дейін онлайн режимінде өткізлсе, білім сайысының финалы қазан айында Астанада болады.
Турнирдің ережесімен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының fpp.kz және Мемлекеттік тілді дамыту қорының qazaq-found.kz сайттарынан және ресми әлеуметтік желілерінен танысуға болады.