Бұл жобалар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен, Елбасының «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірленді.
«Кім білгіш» - түрлі анимациялық әдістер мен дыбыстық жүйе негізінде дайындалған, сан алуан тақырыптағы сұрақтарды қамтитын интеллектуалды викториналық ойын. Ойында өз достарыңмен де, кездейсоқ қарсыластармен де жарысуға болады. Қосымшада түрлі деңгейдегі тапсырмалар, жұмбақтар және ҰБТ сұрақтары жинақталған. Ойын барысында әр түрлі санаттағы сұрақтарды таңдауға болады. Қосымшаның басты ерекшелігі - ойыншылардың жарысып ойнауына мүмкіндік беретін турнирлер. Олардың екі түрі бар: классикалық және ойыннан шығып кететін түрі.
«Кім білгіш» мобильді ойыны - әлемді танып-білгісі келетін жаңалыққа жаны құмар жастарға, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін білгісі келген көпшілікке арналған. Ойын қатысушылар арасындағы сайыс түрінде өтеді, алты раунд бойы түрлі сұрақтарға жауап беру қажет. Ойын жеңімпазы дұрыс жауаптар саны бойынша анықталады. Ойынның негізгі бөлімдері: ғылым, Қазақстан табиғаты, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, денсаулық, спорт, Қазақстан тарихы, ҰБТ және шартарап.
Тұсаукесер рәсімінің алдында Астана қаласындағы №48 мектеп-лицейдің жоғары сынып оқушылары арасында «Кім Білгіш» турнирі өткізілген болатын. 10 сынып оқушылары жарысты. Ойынның нәтижесі бойынша 10 сынып оқушысы Сансызбаев Қуаныш жеңіске жетіп, Қордың арнайы сыйлығымен марапатталды. Жеңімпазға диплом және планшет тарту етілді. Екінші орынды иеленген Омаров Ерсайын да дипломмен және планшетпен марапатталды. Ойын барысында белсенділік танытқан оқушылар да қосымша сыйлықтарға ие болды.
«Менің Қазақстаным» - еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігі зор көпшілікке арналған мобильді қосымша. HD сапасындағы фотосуреттер жиынтығы: Елорда, Алматы қаласы, Қазақстан табиғаты, спорт, патриоттық, тарихи тақырыптағы суреттер, Қазақстан туы мен елтаңбасы бар түсқағаздар. Бұл қосымша арқылы еліміздің әнұранын тыңдап, рингтонға қосып қоюға, Қазақстан инфографикасымен танысуға, планшет және телефонды ландшафттық және портреттік режимге оңтайландыруға болады.
Бұл қосымша ыңғайлы да жедел интерфейс арқылы компьютер, смартфон, планшет экрандарын сан алуан суреттермен, түрлі тақырыптармен безендіруге мүмкіндік береді.
«Кім білгіш» және «Менің Қазақстаным» мобильді қосымшалары қазақ және орыс тілдерінде әзірленген, IOS және ANDROID платформаларында қолжетімді. Болашақта осы қосымшалардың ағылшын тіліндегі нұсқасын жасау жоспарланып отыр.
Қызықты іс-шараға жиналғандар соңында мектеп-лицей дарындарының концертін тамашалады.