Қырғызстан сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреседі — Жапаров

Фото: Қырғыз президентінің баспасөз қызметі

АСТАНА.KAZINFORM — Қырғызстан сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы шешуші және жүйелі күрес жүргізіп жатыр. Бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров Бішкекте өткен IV Халықтық Құрылтайда сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қырғызстан басшысының айтуынша, сыбайлас жемқорлық — мемлекеттік басқару институттарын бұзатын, қоғамдық сенімге нұқсан келтіретін және экономикалық дамуға кедергі келтіретін паразит.

— Біз бастаған ауқымды сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларды бұл күрес толық нәтиже бергенше табандылықпен жалғастырамыз. Ұрладың ба, түрмеге түсесің, мемлекеттік немесе қоғамдық мүлікті жымқырдың ба, түрмеге түсесің, пара беріп немесе алдың ба, түрмеге түсесің. Заң алдында барлығы тең, — деп атап өтті президент.

Садыр Жапаров ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жеке қылмыстық топтарды жоюмен шектелмейтінін қоса айтты.

— Біз ондаған жылдар бойы қылмысты өршітіп, оның салдарын күшейтіп, оның өмір сүруіне жол берген жасырын механизмдерді жойып жатырмыз, тек жоғары лауазымды тұлғаларды ғана емес, сол тетіктің іргетасын да жойып жатырмыз. Тұрақты науқанның арқасында ұлттық қауіпсіздік органдары, прокуратура және ішкі істер органдары сотталған қылмыскерлер мен сыбайлас жемқор шенеуніктерден бюджетке жүздеген миллиард сом қайтарды. Біз тазарту жолындамыз және бұл жолдан таймаймыз, — деді ол.

Екі күндік құрылтайға Республиканың барлық аймағынан 690 делегат, соның ішінде шетелдегі еңбек мигранттары мен этникалық қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ министрлер кабинетінің мүшелері, парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері қатысты.

Еске сала кетсек, Қырғызстанда электронды темекі импортына тыйым салынғанын жаздық.