Ким Чен Ын Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бірлескен жаттығуларын сынға алды
АСТАНА.KAZINFORM - КХДР басшысы Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бірлескен әскери оқу-жаттығуларын сынап, олар Солтүстік Кореяға қатысты «дұшпандық» ұстанымда екенін айтты, деп хабарлайды Yonhap.
Оның мәлімдемесі Сеул мен Вашингтон Солтүстік Кореяға қарсы бірлескен қорғаныс дайындығын күшейту үшін жыл сайынғы жазғы Ulchi Freedom Shield (UFS) жаттығуларын бастаған кезде айтылды. Жаттығулар дүйсенбіде басталып, 11 күн бойы 28 тамызға дейін жалғасады.
Ким Чен Ын Сеул мен Вашингтонды ауқымды жаттығулар өткізу арқылы Пхеньянға қарсы «дұшпандық және қарама-қайшылықты ұстануға ниеттерін ашық білдірді» деп айыптады.
- АҚШ пен Корея Республикасының күшейтілген әскери одағы – бұл күш көрсету, соғыс өртін тұтатудың айқын көрінісі, өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті бұзудың көзі, - деп келтіреді Солтүстік Кореяның Орталық ақпарат агенттігі (KCNA) Кимнің сөзін.
Ол сонымен қатар уақыт өткен сайын күрделеніп келе жатқан қауіпсіздік бағытындағы жағдай ҚХДР-дің ядролық әлеуетін жедел кеңейтуді талап ететінін жеткізді. Ол жау жағы өздерінің оқу-жаттығуларына ядролық элементтерді қоса отырып, әскери альянс құрып жатыр деп мәлімдеді.
Солтүстік Корея Сеул мен Вашингтон өткізіп келе жатқан бірлескен әскери жаттығуларды бұрыннан айыптайды және оларды басып алу дайындығы деп атады. Ал одақтастар жаттығулардың қорғаныс мақсатында екенін айтады.
Солтүстік Корея көшбасшысы мәлімдемесін президент Ли Чже Меннің Бостандық күніне орай сөйлеген сөзінде Солтүстікке татулыққа бейім екенін көрсететін қадам жасағаннан кейін жариялады.
Ол Солтүстік Кореяның саяси жүйесін құрметтейтінін айтты. Ол сондай-ақ шиеленісті азайтуға бағытталған 2018 жылы тоқтатылған кореяаралық әскери келісімді қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауға уәде берді.
Алайда, Солтүстік Корея көшбасшысының әпкесі Ким Ё Чжон Солтүстік Кореяның Оңтүстік Кореямен қарым-қатынасын жақсартуға ниеті жоқ екенін айтты.
Осыған дейін Мәскеуден Солтүстік Кореяға алғашқы тікелей рейс Пхеньянға қонғаны туралы жаздық.