Ким Чен Ынның әпкесі Солтүстік Кореяның ядролық мәртебесін мәжбүрлі таңдау деп атады

Фото: Фото: Yonhap

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Корея көшбасшысының әпкесі Ким Е Чжон Оңтүстік Корея, АҚШ және Жапонияның Пхеньянды денуклераризациялау бойынша жақында жасаған мәлімдемесін сынады, деп хабарлайды Yonhap ақпарат агенттігі. 

Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның әпкесі, Корея Жұмысшы партиясы Орталық комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары Ким Е Чжон бұл мәлімдемені сәрсенбі күні осы елдердің өткен аптада үшжақты кездесуінің қорытындысына жауап ретінде жасады.

Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі Чо Тхэ Ёль, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және Жапонияның Сыртқы істер министрі Такэси Ивая өткен бейсенбіде өткен НАТО отырысы аясында Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздануын қолдайтынын растады.

Кимнің пікірінше, бірлескен мәлімдеме үш елдің Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздандырылуына қатысты алаңдаушылығын танытып отыр. Өйткені олар оның «орындалмас арман» екенін түсінеді. 

— Егер олар шынымен де «денуклеаризацияға» сене отырып, оны қатты талап етсе, оларды ақымақ деп атаған жөн, - деді ол Кореяның Орталық телеграф агенттігі таратқан мәлімдемеде.

Ол сондай-ақ Солтүстік Кореяның «ядролық мемлекет» мәртебесі «дұшпандық сыртқы қауіп пен қазіргі және болашақ жаһандық қауіпсіздік архитектурасындағы өзгерістерді дәл көрсететін мәжбүрлі таңдаудың қорытындысы» екенін атап өтті.

Өз кезегінде Ким қарусыздану мәселесін талқылау немесе «ядролық қарусыздандырудың ескірген тұжырымдамасын» қайтару әрекеттері Солтүстік Кореяның егемендігін жоққа шығару және елді «конституциясы мен әлеуметтік жүйесінен бас тартуға» мәжбүрлеу әрекетімен пара-пар екенін айтты.