12:33, 16 Маусым 2009
Ким Чен Ирдің мұрагері Қытайға жасырын келіп кетті
БЕЙЖІҢ. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат – Ким Чен Ирдің кіші ұлы Ким Чен Ун солтүстіккорей басшысының мұрагері ретінде Қытайға келіп кетті.
Бірақ бұл сапар құпия өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат РСН агенттігіне сілтеме жасап. Ким Чен Ун Қытай басшысы Ху Цзиньтаомен кездесті. Жапон баспасөзінің ақпараты бойынша, Ким Чен Ун Қытайдан гуманитарлық көмек және Солтүстік Кореяның энергетикалық проблемасын шешуде қолдау сұраған. Қытай басшылығы өз кезегінде, зымыранды ұшыру мен кезекті ядролық сынаққа әзірлікті тоқтатуды сұраған.Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ирдің үшінші ұлы ? Ким Чен Унды өзінің мұрагері етіп тағайындағаны туралы ақпаратты әлемдік ақпарат құралдары бұдан бұрын хабарлаған болатын. Ким Чен Ун, түрлі мәліметтер бойынша, 1983 немесе 1984 жылы туылған, оның қазіргі кездегі фотосуреттері жоқ. Оның анасы - Ким-Чен Ирдің үшінші әйелі - Ко Ён Хи балерина болған. Ким Чен Ун орта білімді Берндағы Халықаралық мектепте алған. Еліне оралғаннан кейін оның не істеп, не қойғаны туралы ақпараттар жоқтың қасы.