Киімге ең төменгі баға белгілене ме — Кірістер комитеті жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде киім-кешекке ең төменгі баға белгіленуі мүмкін бе? Бұл сауалға ЕАЭО шеңберінде қосылған құн салығын әкімшілендіру басқармасының басшысы Аслан Тобықбаев жауап берді.
— Егер жаппай баға ауытқуы тіркелсе, әрине, мәселені көтереміз. Бюджетке келтірілген зиянды фактілермен көрсете отырып, ұсынысты тізімге енгізу үшін келісімге жолдаймыз. Бұл тек киімге ғана емес, басқа да тауарларға қатысты, — деді Аслан Тобықбаев Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде онлайн өткен брифингте.
Оның айтуынша, ведомство баға нарығына тұрақты талдау жүргізеді және шешім соның қорытындысына байланысты.
Сондай-ақ спикер 2021 жылы Мемлекеттік кірістер комитетінің бастамасымен Салық кодексіне ең төменгі баға деңгейін енгізу жөнінде түзетулер енгізілген айтты. Аталған норма күшіне енген, қазір жекелеген тауар санатына қолданылады.
Бұған дейін ЕАЭО аясында таңбалау жүйесін енгізу арқылы көлеңкелі экономикамен күрес шарасы туралы хабарлаған едік.