Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 22-ші пленарлық отырысы болып өтті. Оның күн тәртібіне «Қазақстандағы әртараптандыру және технологиялық саясатына шетелдік инвесторлардың қатысуы туралы» мәселе қойылды. Кеңес жұмысын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, кіріспе сөз сөйледі. Осы айтулы іс-шараға орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Кімнің жерін мекендесең, соның жырын жырла» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді.
Онда «Біз алдағы уақытта экономиканы әртараптандыру және өнімдерді тереңдетіп өңдеу бойынша бізге нақты бір жоба ұсынған шетелдік инвесторлармен ғана жұмыс істейтін боламыз. Егер мұндай шешім орындалмайтын болса, біз Қазақстан экономикасы үшін тиімді жұмыс атқара алатын басқа әріптестерді іздестіруге мүдделіміз. Егер оған міндеттейтін заң қажет болса, оны қабылдаймыз», деген Елбасының сөзі келтірілген.
Шетел инвесторлары кеңесінің 22-ші пленарлық отырысы жайында егжей-тегжейлі жазылған келесі мақала «Айқын» газетінің бүгінгі санында да жарық көрген. Ол «Бізде нақты бағдарлама мен стратегия бар» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, отырыста сөз сөйлеген Мемлекет басшысы «біз өзіміздің рзервтерімізді сақтап қана қоймай, ұлғайта алдық. 2009 жылғы 30 қарашадағы жағдай бойынша, Ұлттық қордың активтері және елдің алтын-валюта резервтері 52 миллиард долларды құрады», деген.
«Қазақстан шикізатты тереңдетіп өңдеумен және экономиканы диверсификациялауға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыруды ұсынған инвесторлармен ғана жұмыс істейтін болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 22-ші пленарлық отырысында мәлімдеді», деп жазады «Экспресс К» басылымы.
Сонымен қатар ауқымды іс-шараға орай «Казахстанская правда», «Литер», «Комсомольская правда Казахстан» басылымдарында да мақалалар жарияланған.
Мемлекет басшысы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен болған тікелей желі кезінде Қорғаныс министрлігінің жұмысына қатысты 600-ге жуық сұрақ келіп түскен болатын. Сауалдар еліміздің әскери қауіпсіздігі, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалуы, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әскер қатарына шақырылу және әскери қызметті өтеу, әскери білім беру сияқты бағыттарды қамтиды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде осы сауалдар бойынша ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жауап берген. Берілген жауаптармен «Армия халқымыз мақтанатындай болсын» деген тақырыптағы мақаладан егжей-тегжейлі таныса аласыздар.
«Ресей тарихында өзіндік орны бар «Таврия» сарайының Дума залында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Парламентаралық Ассамблеясының 33-ші пленарлық отырысы болып өтті. Оған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған еліміз делегациясы да толық құрамда қатысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Интеграциялық үдерістерде екпін бар» атты мақаласында.
Сондай-ақ осы басылымда Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдық мерейтойына орай бірқатар елге танымал азаматтардың мақалалары жарық көрген.
***
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әбіш Кекілбаев. Басылымның сауалдарына тұшымды жауап берген қаламгермен арадағы сұхбат «Билік десе әкесін, байлық десе бабасын сататындар бұрын да болған, қазір де бар» деген тақырыппен жарияланған.
«Басқаларды қайдам, Алматы қаласы Медеу ауданы аумағындағы әйгілі Көктөбенің түбіне орналасқан жеті үйдің үлкенді-кішілі 50 шақты тұрғыны түн баласы көз ілмей әр түнді үреймен өткізуде. Себебі - Алматы қаласын айналып өтуі тиісті алып автобан дәл осы тұстан салына бастағалы өзі «әупіріммен» әрең тұрған үйлердің қабырғалары біртіндеп «сөгіле» бастапты», деп жазады «Айқын» газеті. Жазылған жайт төңірегіндегі толық мағлұматты осы басылымның сенбілік санында жарық көрген «Жар қабағындағы жеті үй» деген мақаладан оқи аласыздар.
«Жеті триллион теңгені қайдан және қалай аламыз?». Осы тақырыппен «Айқын» басылымында жарияланған келесі мақалада айтылған жайтқа орай елімізге танымал ғалымдардың пікірлері топтастырылған.
***
«Астана ақшамы» газетінің сенбілік санында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалында берген есебі жайында жазылған.
Осы басылымда «Астана - тәуелсіздігіміздің айбары» деген тақырыппен жарияланған келесі мақала Ақмола қаласының еліміздің астанасы болып жарияланғанына 12 жыл толуына арналған.
***
«Өкпеге күтім керек, күтім үшін түтін керек» деп қояды шылымқорлардың бірі. Тағы бірі «ас - адамның арқауы, темекі - оның тарқауы» деп шешенсиді. Шынтуайтында, көк түтінді көрпедей жамылған қалада өкпеге онсыз да аз салмақ түсіп жатқан жоқ. Темекі шекпейтін адамның өзі өкпем «әйнектей» таза дей алмас. Ал оның қасында шылымқор тұрса, не жорық? «Әр адамның денсаулығы - ұлт саулығы» деп қарасақ, биылғы қазаннан бастап жүзеге аса бастаған шылым шегуді шектеуге бағытталған қадамға сәттілік тілеу керек» деп жазады «Жас қазақ» газеті. Жазылған жайтқа қатысты егжей-тегжейлі мағлұматтармен басылымда жарияланған «Шылымды шектейміз деп, кәсіпкерді қылқындырмайық» атты мақаладан таныса аласыздар.
Осы басылымда жазушы Дулат Исабековпен арадағы сұхбат «Абай жолы» қазір жазылмағаны дұрыс болды» деген тақырыппен берілген. «Кейде мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы қазіргі кезде жазылмағаны дұрыс болды деп ойлаймын. Қазір жазса, не істер еді ол? Ана төрт кітапты қалай ақша тауып шығарар еді? Оны басқа тілдерге аудару керек. Бүгінгі кез болса, оны аудармақ түгіл, баспа қазақшасының өзін әрең басып шығарар еді. Бұл романның сол Кеңес Одағы кезінде жазылып қалғаны дұрыс болды», депті қаламгер сұхбат барысында. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын «Жас қазақ» басылымынан оқи аласыздар.
***
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда өткізген тікелей желіде қазақстандықтардың койған сауалдарына барлық мемлекеттік органдардың жетекшілері жауап беруі керек деп тапсырған болатын. Осыған орай бүгін «Казахстанская правда» газеті арқылы ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин қазақстандықтардың сауалдарына жауап берген.
«Соңғы 9 жылда Қазақстанда түсірілген жалғыз қазіргі заманғы «Арман қала» сериалы өзінің алғашқы сыйлығын иеленді», деп жазады «Литер» газеті. Қазақстандық сериал «Страна» ұлттық сыйлығын 25 елдің 200 телерадиокомпаниясы қатысқан ХІІ Еуразиялық телефорумда иеленген.