Кино жаңалықтары: отандық мультфильм мен комедия

АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада кинотеатрлардан отандық екі жаңа туындыны тамашалауға болады. Оның бірі — балаларға арналған мультфильм. Ал шетелдік фильмдер қатарында қорқынышты туындылар мен шытырман оқиғалы драмалар бар. Kazinform тілшісі аптадағы кинопремьераларға шолу жасайды.

Коллаж: Kazinform / Kinopoisk.ru

Заманback 2

Жанры: драма, комедия

Ұзақтығы: 90 минут

Ел: Қазақстан, 2026

Режиссер: Дархан Сәркенов

Азат үшін махаббат — әлсіздік, ал отбасы әрдайым екінші орында тұратын. Бір күні ол күтпеген жерден 1992 жылға тап болады. Сол уақыттағы әкесінің жас шағымен танысып, оның бұрынғы өмірі туралы біледі. Әкесінің және оның жақын досы Бекидің басынан өткен оқиғаларды зерттей келе, Азат көп нәрсеге басқаша қарай бастайды. Өткенге сапары оған махаббаттың, отбасының және достықтың қадірін ұғындырады.

Алан туралы аңыз

Жанры: мультфильм

Ұзақтығы: 75 минут

Ел: Қазақстан, 2026

Режиссер: Азамат Ерназаров

Оқиғаның басты кейіпкері — Алан есімді қар барысы және оның достары. Олар туған қаласын қорғауға аттанады. Қауіпті сапарда басты кейіпкерге зұлымдықты жеңуге оның адал достары көмектеседі. Мультфильм мейірімділік, шынайы достық, туған жерге деген сүйіспеншілік және бірліктің күші туралы баяндайды.

Ұйқысыз түндер (Ночи без сна)

Жанры: драма, романтика

Ұзақтығы: 110 минут

Ел: АҚШ, 2020

Олег Борецкий киноклубы «Адамға адам керек» тақырыбын жалғастырады. Бұл — жан жылуын іздеу, жалғыздықтан арылу және қиын сәтте біреудің жанынан табылуды арқау ететін хикая. Өйткені әр адамға шынайы бақыт сыйлайтын жан серігі керек.

Клэйфейс

Жанры: экшн, қорқынышты фильм, фантастика

Ұзақтығы: 105 минут

Ел: Ұлыбритания, АҚШ, 2020

Режиссер: Джеймс Уоткинс

Мэтт Хейген — жас актер. Бетін ауыр жарақаттағаннан кейін ол арнайы ем қабылдауға келіседі. Алайда ғылыми тәжірибе күткендей нәтиже бермейді. Керісінше, оның денесі мен терісі саз балшықтай иілгіш күйге енеді. Өз болмысынан, адамдық қасиетінен айырылған актер кек алуды көздеген құбыжыққа айналады.

Ұмытылған арал, (Остров забвения)

Жанры: шытырман оқиғалы комедия, мультфильм, фэнтези, отбасылық кино

Ұзақтығы: 98 минут

Ел: АҚШ, 2020

Режиссер: Джоэль Кроуфорд, Хануэль Меркадо

Екі құрбы тылсым Накали ғаламшарында қамалып қалады. Үйге қайту үшін олар бір-бірімен байланысты барлық естелігін құрбан етуге мәжбүр болуы мүмкін.

Артқа қарамай, (Без оглядки)

Жанры: комедия, жол оқиғалары туралы фильм

Ұзақтығы: 81 минут

Ел: Ресей, 2026

Режиссер: Наталия Кончаловская

Соня мен Женя — көрші тұратын екі әйел. Бір келеңсіз оқиғадан кейін олар абайсызда адам өлтіріп қойдық деп ойлап, қашуға бел буады. Қалталарында ақша жоқ, нақты жоспарлары да жоқ, көлік жүргізуді де білмейді. Сапар барысында екеуі бұл оқиғасыз-ақ өз өмірлерін өзгерткісі келгенін түсінеді.

Джуманджи: Қараңғы деңгей, (Джуманджи: Тёмный уровень)

Жанры: қорқынышты фильм

Ұзақтығы: 125 минут

Ел: Таиланд, 2026

Режиссер: Чанатхип Вонгполтри

Бір топ бала қараусыз қалған ғибадатханадан көне үстел ойынын тауып алады. Ойын сүйегін лақтырған сәтте кекшіл рух босап шығып, ойын өлім тұзағына айналады. Аман қалу үшін балалар ойынның қалай тоқтатуға болатынын табуы керек.

Аяз ата, (Морозко)

Жанры: фэнтези, отбасылық фильм

Ұзақтығы: 98 минут

Ел: Ресей, 2026

Режиссер: Эдуард Бордуков

Марфа мен Настя — апалы-сіңлілі қыздар. Олар үнемі бір-біріне қолдау көрсетеді. Екі қыз ауылды ұзақ жылдар бойы қыстан айырған сиқырдың сырын ашуға кіріседі. Жолда олар зұлым мыстанмен бетпе-бет келіп, талай сынақтан өтеді. Ақыры мыстанды жеңіп, аяз атаның көңілін жібітеді. Сонымен қатар екеуі де өз бақытын тауып, махаббатқа жолығады.

Чарли мен Харпер, (Чарли и Харпер)

Жанры: комедия, мелодрама

Ұзақтығы: 102 минут

Ел: АҚШ, 2025

Режиссер: Том Дин, Мак Элдридж

Харпер мен Чарли өмірлерін жаңадан бастау үшін басқа қалаға көшеді. Харпер кәсіби аспаз болуды армандайды, ал әдебиетке құмар Чарли өмірден өз орнын таба алмай жүреді. Қыз мақсатына қарай нық қадам басқан сайын, жігіті бір орында тұрып, өзгеруге қауқарсыз екенін байқатады. Соған қарамастан, екеуі де бір-біріне лайық жандар екенін дәлелдеуге тырысады.

Ғажайып Юдо, (Чудо-Юдо)

Жанры: шытырман оқиғалы фэнтези, отбасылық фильм

Ұзақтығы: 105 минут

Ел: Ресей, 2026

Режиссер: Серик Бейсеу

Юдо — орман сиқыршысының қызметшісі. Ол өзінің кім екенін, қайдан шыққанын білмейді. Бірақ қалаған сәтінде кез келген тіршілік иесіне айнала алады. Бұл жолы оған мінезі шатақ жас сиқыршы Отраданы қорғау міндеті жүктеледі. Қуатты сиқыршылар Черногор мен Болотницаның қызы Отрада қарапайым адамдар әлеміне қауіпті сапарға аттанады. Көп ұзамай Чудо-Юдо Отрада үшін кез келген іске дайын екенін түсінеді. Тіпті оған ешкім бұйрық бермесе де, қызды қорғауға бел буады.

Комеди Франсездегі қарбалас күн, (Безумный день в Комеди Франсез)

Жанры: комедия

Ұзақтығы: 75 минут

Ел: Франция, 2026

Режиссер: Бертран Юскла, Мартен Дарондо

«Комеди Франсез» театры «Макбет» спектаклін сахналауға дайындалады. Алайда премьера күні бәрі ойдағыдай болмай, театрда нағыз әбігер басталады. Жас режиссер Нина мен актерлер қандай қиындыққа да қарамастан, қойылымды сахнаға шығаруға тиіс. Өйткені театрдың болашағы спектакльдің сәтті өтуіне байланысты. Театрдың сахна сыртындағы беймәлім тіршілігін әзілмен жеткізетін бұл комедияда Гийом Гальенн, Эрик Рюф және театрдың өзге де танымал актерлері ойнайды.

Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.