Отандық кинотуындылар
ӘБІЛ
- Жанры: драма
- Ұзақтығы: 120 минут
- Ел: Қазақстан, 2026
- Режиссер: Елзат Ескендір
Қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» драмасы көрерменді тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына жетелейді. Фильм оқиғасы 1993 жылғы жекешелендіру кезеңінде өрбиді. Кеңес Одағы ыдырап, ел жаңа экономикалық жүйеге қадам басқан шақта бұрын мемлекет меншігінде болған мүліктер халыққа үлестіріле бастайды. Сол өзгерістердің ортасында жүрген ауыл шопаны Әбіл де өз үлесін алуға үміттенеді. Алайда өмір оның жоспарын мүлде басқа арнаға бұрады.
БИШАРАЛАР ҮНДІСТАНДА: АНА ІЗІМЕН (Бишарашки в Индии: В поисках мамы)
- Жанры: шытырман оқиға, комедия, отбасы
- Ұзақтығы: 80 минут
- Ел: Қазақстан, 2026
- Режиссер: Бақытжан Урахаев
Ал режиссер Бақытжан Урахаевтың «Бишарашки в Индии: В поисках мамы» атты отбасылық комедиясында көрерменді жаңа саяхат күтіп тұр. Бұл жолы Байтемірдің отбасы Үндістанға аттанады. Барлығы Әділетке келген жұмбақ сәлемдемеден басталды. Оның шығу төркінін туған анасымен байланыстырып, шындықты білгісі келген кейіпкер отбасын Үндістанға сапарға көндіреді. Алда оларды қауіпті оқиғалар мен күтпеген жаңалықтар күтіп тұр. Бұл сапар Әділеттің өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Жанрлар тоғысы
СУПЕРҚЫЗ (Супергёрл)
- Жанры: атыс-шабыс, шытырман оқиға, ғажайып
- Ұзақтығы: 108 минут
- Ел: АҚШ, 2026
- Режиссер: Крейг Гиллеспи
Америкалық «Супергёрл» фантастикалық фильмі әйгілі суперқаһарман Кара Зор-Элдің оқиғасын баяндайды. Ғарышты Крипто есімді итімен бірге шарлап жүрген кейіпкер қарақшылар шабуылынан кейін жаңа серігі Рутимен күш біріктіреді. Екеуі әділет орнатып, өткеннің есесін қайтару үшін қауіпті жұлдызаралық сапарға шығады.
КОЛОНИЯ
- Жанры: атыс-шабыс, қорқыныш
- Ұзақтығы: 122 минут
- Ел: Оңтүстік Корея, 2026
- Режиссер: Ён Сан-хо
Оңтүстік Кореялық режиссер Ён Сан-хоның «Колония» фильмі қорқынышты оқиғаларға құрылған. Зертханадан тараған қауіпті вирус адамдарды қанішер зомбиге айналдырып, қоғамды үлкен апаттың арасында қалдырады.
АШ (Hungry)
- Жанры: триллер
- Ұзақтығы: 93 минут
- Ел: Ұлыбритания, 2026
- Режиссер: Джеймс Нанн
Ұлыбританиялық «Hungry» триллерінің оқиғасы Луизианадағы батпақты аймақта өрбиді. Демалысқа шыққан бір топ адам жолдан адасып, босап кеткен құтырған сусиырдан аман қалуға тырысады.
ТҮНГІ КӘСІП (Ночной бизнес)
- Жанры: атыс-шабыс, комедия, триллер
- Ұзақтығы: 96 минут
- Ел: АҚШ, Австралия, 2026
- Режиссер: Деррик Борте
«Ночной бизнес» экшн-комедиясында Лос-Анджелестегі элиталық түнгі клуб иесі Манконың өмірі көрсетіледі. Сән-салтанат пен табысқа толы тіршілік бір түнде астаң-кестең болады. Клубқа жасалған шабуылдан кейін қылмыстық топтың ірі қаржысы жоғалып кетеді. Осыдан соң кейіпкер өз отбасы мен беделін қорғау үшін күресуге мәжбүр болады.
ТАУЫҚ. КҮЛ-ТАЛҚАН (Курочка. Пух и прах)
- Жанры: драма, отбасылық
- Ел: Германия, Греция, Венгрия, 2025
- Режиссер: Дьёрдь Пальфи
Ал Германия, Грекия және Венгрия бірлесіп түсірген «Курочка. Пух и прах» драмасы еркіндікке ұмтылған тауықтың тағдырын баяндайды. Құс фермасынан қашып шыққан кейіпкер жаңа ортада өз орнын табуға, махаббат пен әділет үшін күресуге тырысады.
Анимациялық фильмдер
Осы аптада кішкентай көрермендер үшін де бірнеше жаңа туынды ұсынылды.
ҮШ БАТЫР. ЕРЛІККЕ ТОЛЫ КҮНДЕР 3 (Три богатыря. Ни дня без подвига 3)
- Жанры: шытырман оқиға, мультфильм
- Ұзақтығы: 67 минут
- Ел: Ресей, 2026
- Режиссер: Екатерина Салабай, Анна Миронова
«Три богатыря. Ни дня без подвига 3» мультфильмінде үш батырды тағы да тынымсыз оқиғалар күтіп тұр. Олар сиқырлы шыршаны қайтарып, Юлий атты жылқыны арбаудан құтқарып, түрлі қиындықтарды еңсеруге мәжбүр болады.
СИҚЫРЛЫ ӘЛЕМНЕН ҚАШУ (Побег из волшебного измерения)
- Жанры: шытырман оқиға, комедия, мультфильм, қиял-ғажайып
- Ұзақтығы: 118 минут
- Ел: Қытай, 2026
- Режиссер: Линь Хуэйда
Қытайлық «Побег из волшебного измерения» анимациялық фильмінде Брайар, Брамбл және Вик есімді достар аңыздағы Нянь құбыжығымен кездеседі. Оның көмегімен олар сиқыр мен жұмбаққа толы ерекше әлемге тап болады.
ЖҰЛДЫЗДЫ ХАНШАЙЫМ ТУРАЛЫ АҢЫЗ (Легенда о звездной принцессе)
- Жанры: мультфильм
- Ұзақтығы: 82 минут
- Ел: Венгрия, 2025
- Режиссер: Чобо Маали, Жолт Паалфи
Ал «Легенда о звездной принцессе» мультфильмі бақыт іздеген жас ханзаданың оқиғасын баяндайды. Сиқырлы сапар барысында ол перілермен, мыстандармен және түрлі тылсым кейіпкерлермен кездесіп, махаббат пен ерліктің шынайы мәнін түсінеді.
Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.