«Кинопаркте» қыз баланы соққыға жыққан азаматтың ісі прокуратураның қадағалауында - Ж. Асанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Кинопаркте» қыз баланы соққыға жыққан азаматтың ісі прокуратураның қадағалауында. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы арасында журналистерге берген сұхбатында Бас прокурор орынбасары Жақып Асанов Астанадағы «Кинопарк» кинотеатр желісінің бірінде орын алған оқиғаға қатысты түсінік берді.

«Астанадағы «Кинопарк» кинотеатрының аумағында қыз баланы соққыға жыққан факті туралы сотқа дейінгі тергеу шаралары атқарылуда. Менің білуімше, бұл материал сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне тіркелген. Сондықтан да, бұл іс басқа да қылмыстық істер секілді Бас прокуратураның ерекше қадағалауында болады. Жалпы кез келген қылмыстық іс прокурорлардың назарынан тыс қалмайды», - деп түсіндірді Жақып Асанов.

Еске сала кетейік, жақында әлеуметтік желіде жұртты дүр сілкіндірген видео пайда болған еді. Онда Астанадағы «Кинопарк» кинотеатрына келушілердің бірі кассир қызбен сөзге келіп, кейіннен қызды ішінен теуіп, соққыға жығады. Мекеменің ресми парақшасында хабарланғанындай, оқиғаға қатысты арыз Астана қалалық Есіл ауданының ІІБ-на жіберілген. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудыруда.