«Кинопаркте» қыз баланы соққыға жыққан азаматтың ісі сотқа тапсырылды - Астана ІІД

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы кинотеатрлардың бірінде кассир қызды тепкен бұзақыға қатысты іс сотқа жіберілді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында қалалық ІІД бастығының орынбасары Батырлан Есенбай мәлім етті.

«Жаңа заңнамаға сәйкес, біз бұл адамды (Қуаныш Тұракелдиев) ұстап, екі тәуліктің ішінде істі сотқа жолдадық»,-деді Б. Есенбай.

Осы орайда ол тұтқындалған жігітке бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

Еске сала кетейік, жақында әлеуметтік желіде жұртты дүр сілкіндірген видео пайда болған еді. Онда Астанадағы «Кинопарк» кинотеатрына келушілердің бірі кассир қызбен сөзге келіп, кейіннен қызды іштен теуіп, құлатады. Мекеменің ресми парақшасында хабарланғанындай, оқиғаға қатысты арыз Астана қалалық Есіл ауданының ІІБ-на жіберілген. Бұл келеңсіз жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.