Кинотеатрлар кинозалдарда Google Glass көзілдірігін киюге тыйым салуды жоспарлауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей кинотеатрлары кинозалдарда электрондық көзілдіріктер мен осыған ұқсас құрылғыларды киюге тыйым салуды жоспарлауда. Тыйым салу - мұндай көзәйнектер арқылы бейнежазба жасау мүмкіндігімен байланысты.

«Google Glass-тың орнатылған камерасы бар, сондықтан кинофильмдердің пираттық жазбаларын болдырмау үшін камералар мен ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салуға қатысты қағида аталған техникалық құрылғыға да қолданылатын болады», - дейді «Люксор» киножобасының басшысы Артем Саргсян. Оның айтуынша, кинотеатрлар желісі қауіпсіздік қызметі өкілдеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Бұдан бұрын The Guardian басылымы Ұлыбританияда кинотеатрларға келушілерге елде сатылымға түскен Google Glass интерактивтік көзілдірігін пайдалануға тыйым салғанын хабарлады.

Себебі жаңа киноленталардың экрандық көшірмесін түсіру үшін Google Glass камерасын пайдаланатын пираттармен күресу қолға алынған. Google Glass еркін сатылымға 2014 жылдың екінші жартысында түседі. Қазіргі уақытта оны АҚШ пен Ұлыбритания тұрғындары сатып ала алады.