Кинотеатрлар ұлттық фильмдерді көрсетуге қызығушылық танытпай отыр

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Кинотеатрлар ұлттық фильмдерді көрсетуге қызығушылық танытпай отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жауабында айтылған.

– Кинотеатрлар табыс әкелетін жеңіл ойын-сауық картиналарынан басқа ұлттық фильмдерді көрсетуге қызығушылық танытпайды. Мемлекет кинотеатрларға қолдау көрсетпейді және ұлттық фильмдердің көрсетілімдерін субсидияламайды. Кинотеатрлардың заңнамалық деңгейде мемлекеттік қолдау есебінен өндірілген фильмдерді көрсету міндеті туралы норманы енгізу реттеушілік әсерге талдау жүргізуді талап етеді, себебі жеке кәсіпкерлік субъектілерінің
мүдделерін қозғайды, - деді вице-премьер.

Оның айтуынша, 2019 жылы «Кинематография туралы» заңды әзірлеу және 2022 жылы өзгерістер енгізу кезінде осындай норманы енгізу жоспарланған. Бірақ реттеушілік әсерді талдаудың оң қорытындысы алынбаған.

– Сондай-ақ залдар санын ұлғайту және жаңа кинотеатрлар салу тұрғысынан елімізде одан әрі кино өнерін дамыту мәселесін қарастыру қажет, - деді Аида Балаева.

Осы ретте вице-премьер халықты мәдени құндылықтар мен шығармашылық өнімдерге тең қолжетімділікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық фильмдердің көрсетілімдерін арттыру үшін министрліктің мынадай ұсыныстарын атады:

– бюджет қаражатынан тыс немесе мемлекеттік-жекешелік серіктестік тетігі есебінен аудандар мен моноқалаларға баса назар аудара отырып, республика бойынша кинотеатрлар/көпфункционалды залдар ашу;

– жергілікті атқарушы органдар есебінен мәдениет үйлерінде проекциялық жабдықтарды және/немесе жылжымалы кино қондырғыларын сатып алу мүмкіндігін қарастыру;

– заңға кинотеатрлардың ұлттық киноны көрсету міндетін реттейтін түзету енгізу.

Бұған дейін дамыған елдер деңгейінде киноның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 1 500-ден астам кинозал қажет екенін жазған едік.