Киокушинкай-кан каратэден Қазақстан мұндай жетістікке жеткен емес - Федерация президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Киокушинкай-кан каратэден Әлем чемпионатында Қазақстанның Әнұраны бұрын соңды 12 рет шырқалған емес. Бұл туралы Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті Омархан Өксікбаев айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

27 қаңтарда Украинаның Одесса қаласында киокушинкай-кан каратэден жасөспірімдер мен ересектер арасында Әлем чемпинонаты аяқталған болатын. Оған әлемнің 21 мемлекетінен 250-ге жуық спорты қатысқан. Бәсеке қызған додада Қазақстан құрамасы 12 алтын, 4 күміс пен 1 қола медаль алып, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі жеңіске қол жеткізіп отыр.

Алыс елден жеңіспен оралған саңлақтарымыздың басын Ұлттық республикалық Киокушинкай-кан каратэ федерациясы бүгін Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде қосты. Федерация президенті Омархан Өксікбаев спортшыларға ақжарма тілегін арнады.

«Біз бүгін үлкен қуанышымызбен бөлісейік деп отырмыз. Федерацияның аясында киокушинкай-кан каратэден спортымен айналысып жүрген саңлақтарымыз Одесса қаласында Әлем чемпионатына қатысып, үлкен жеңіспен оралды. Бұл Қазақстан спортының тарихындағы елеулі оқиға, үлкен жеңіс. Мұндай әлемдік деңгейде спорттық жетістік болған емес. Осы елеулі оқиғаны халқымызбен бөлісіп, көпке жария еткіміз келеді. Өйткені, Қазақстанымыздың Туы 12 мәрте жоғары көтеріліп, біздің еліміздің Әнұраны ойнады. Жарыста өздерінің дайындығы тас-түйін екенін, спортқа құлшыныстары зор екенін көрсеткен саңлақтарымыз жеңіс тұғырына шықты», - дейді федерация президенті.

Оның айтуынша, бапкерлер өздерінің алдына қойған тактикалық тапсырмаларын орындаған.

«Жүлде алғандардың ішінде ересектер де, 12-13 жастағы өрендеріміз де бар. Соңғы жылдары Федерацияның түлектеріне деген қолдаушылар көбейіп келеді. Спорттық базаларымыз жетілдірілді. Осы қадамдардың барлығының нәтижесі - бүгінгі асқақ тұғырымыз деп білемін. Мен осы бапкерлермен бірге, баласын киокушинкай-кан каратэге берген ата-аналарға зор алғысымды білдіремін», - дейді Омархан Өксікбаев.

Федерация президенті Украинада Қазақстан құрамасын бастап барған бап бапкерлері - Дастан Әбжанов пен Азамат Такеновқа федерациясының төсбелгісін табыстады.

Еске сала кетсек, Украинаның Одесса қаласында өткен киокушинкай-кан каратэден бойынша Әлем чемпионатында қазақ спортшылары әр деңгейдегі 17 медальға қол жеткізген болатын. Спортшыларымыз жалпы есепте 12 алтын, 4 күміс және 1 қола медальды жеңіп алды.


Фото: kazkarate.kz